Алматы мәслихатына жаңа депутат сайланды
Сурет: Алматы мәслихатының баспасөз қызметі
Еске салсақ, "AMANAT" партиясынан сайланған депутат Игорь Проценконың өкілеттігі жеке өтінішіне сәйкес мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты депутаттық корпуста бос орын қалыптасқан.
Досбол Жылқыбаев – қазақстандық кәсіпкер және қоғам белсендісі. 1984 жылы 27 қыркүйекте Жамбыл облысы Сарысу ауданында дүниеге келген. әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін "құқықтану" және "кеден ісі" мамандықтары бойынша тәмамдаған.
2020 жылдан бастап Amanat партиясының мүшесі. Бұған дейін VII шақырылымдағы Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты ретінде кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі комиссия құрамында жұмыс атқарған. Кәсіпкерлік саласында және халықаралық іскерлік байланысты дамыту бағытында көпжылдық тәжірибесі бар. "DVERI CITY" дүкендер желісінің негізін қалаушы.
Досбол Жылқыбаев қоғамдық және қайырымдылық қызметпен белсенді айналысады. Әр жылдары Арыс қаласындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіп, пандемия кезеңінде "Біз біргеміз" акциясына қатысқан. Сонымен қатар, жас спортшыларды, балалар мен қарттар үйлерін тұрақты қолдап келеді. Қоғамдық қызметі мен ел дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар мемлекеттік және қоғамдық наградалармен, оның ішінде "Құрмет" орденімен және "Халық алғысы" медалімен марапатталған.
"Досбол Мәлікомарұлының өкілді органдағы тәжірибесімен қатар, кәсіпкерлік, құрылыс, қалалық инфрақұрылым және әлеуметтік жауапкершілік салаларындағы тәжірибесі мол. Оның кәсіби және қоғамдық қызметі Алматы тұрғындарымен тиімді байланыс орнатып, қаланың одан әрі дамуына нақты үлес қосуға мүмкіндік береді деп сенемін", – деді Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев.