Балаларын үтікпен және шанышқымен күйдіріп, қорлық көрсеткен қазақстандық әйелге үкім шықты
Фото: Zakon.kz
Сотта анықталғандай, сотталған әйел балаларын тәрбиелеу кезінде аса қатігез тәсілдер қолданған. Мәселен, бір баласының аузын қыздырылған шанышқымен күйдіріп, ұрып-соғып, түрлі қорлық көрсеткен. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Тергеу барысында әйелдің ұлы мен қызына психологиялық қысым көрсеткені, шаштарын тақырлап алып тастағаны және моральдық зорлық-зомбылық жасағаны белгілі болды.
Сонымен қатар 2026 жылдың қаңтарында ол балаларын мұздай суға түсуге мәжбүрлеген. Айта кетейік, сараптама қорытындысы бойынша әйел есі дұрыс деп танылған.
Сот үкімін Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Алтын Білтебай оқыды:
"Ергешова Гүлмира Фархатқызы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігі 1 және 2-тармақтары бойынша кінәлі деп танылсын. Оған 5 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді", – деді судья.
1996 жылы туған Гүлмира Ергешова сот шешімін тым қатаң деп бағалады. Оның айтуынша, бес жылдық жаза өте ауыр.
Сотталушы сот залында сөйлеген сөзінде, қатыгез әрекеттер жасаған сәтте өзін-өзі бақыламағанын айтты. Сондай-ақ ол ұзақ жылдар бойы күйеуі мен оның туыстары тарапынан қорлық көргенін жеткізді. Мұнымен қоса, 9 және 11 жастағы балаларын мемлекет қамқорлығында қалдыруды сұрады.
"Балаларды мемлекет қамқорлығында қалдыруды сұраймын. Олар (күйеуі мен туыстары – ред.) балаларымның ақшасына өмір сүрді. Мен бәрін айта алмаймын. Бұл кек алу үшін жасалған жоқ. Мен ашу күйінде болдым, ештеңені көрмедім", – деді сотталған әйел.
Аталмыш сұмдық оқиға 2026 жылдың қаңтарында бүкіл елді дүр сілкіндірді. Әлеуметтік желілерде денесінде жарақаттары мен күйік іздері бар балалардың видеосы тараған еді. Мәліметтерге сәйкес, балаларға өз анасы қыздырылған заттармен зорлық көрсеткен. Екі бала мектепке бармай қойғаннан кейін мұғалімдер жағдайды тексеріп, полицияға хабар берген.