Алматыда полиция мектеп түлектерін қауіпті "кортеждерден" бас тартуға шақырды
Фото: Zakon.kz
Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев бұл күндері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Жыл сайын мерекелік іс-шаралардың бақылаудан шығып кететін жағдайларымен бетпе-бет келеміз. Әсіресе коттедждерді жалға алу, алкогольдік ішімдіктерді пайдалану, сондай-ақ автокөліктермен қауіпті серуендер ұйымдастыру және "кортеждер" үлкен алаңдаушылық туғызады.
Жасөспірімдер әсерлі бейнеролик түсіреміз деп жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жағдайда, оның соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді.
"Дегенмен ата-аналар мен педагогтердің қолдауынсыз балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Осыған байланысты ата-аналардан балаларды бақылаусыз қалдырмауды, олардың автокөлікпен жүруіне жол бермеуді және үнемі байланыста болуды сұраймыз", – деді Тимур Ноғайбаев. Полиция балалардың қауіпсіздігі жолында барша жұртшылықты бірлесіп әрекет етуге шақырады.
Соңғы қоңырау қарсаңында Алматы қаласында полиция мектеп түлектерінің ата-аналары мен ұстаздарына үндеу жасады.