Жетісу облысында 500 келіден астам киік мүйізінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді
Сурет: polisia.kz
Іс-шаралар Панфилов ауданы аумағында өткізілді. Нәтижесінде 6 күдікті ұсталды.
Сыртқы белгілері бойынша киік мүйізіне ұқсас 1,6 мыңнан астам зат анықталып, олардың жалпы салмағы 500 келіден асатыны белгілі болды. Аталған заттардың заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді. Осылайша сирек кездесетін жануарлардың дериваттарын заңсыз өткізу арнасының жолы кесіліп, жануарлар дүниесіне келтірілуі мүмкін залалдың алдын алу қамтамасыз етілді.
Аталған дерек бойынша сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлармен және олардың бөліктерімен заңсыз айналысу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы, өткізу арналары және өзге де қатысы бар тұлғалар анықталып жатыр.
Браконьерлік пен жануарлар дүниесі объектілерінің заңсыз айналымы фактілерін анықтау және жолын кесу жұмыстары ерекше бақылауда және жүйелі түрде жүргізілуде.