SMS арқылы хабарлау: Қазақстанда байланыс қызметтерін көрсету ережелері өзгертіледі
Фото: pexels
Депутат Мәжілістің пленарлық отырысында және комитет отырысында бұл мәселені министрдің алдында көтеріп, заңға тиісті өзгерістер енгізу бастамасын ұсынғанын еске салды.
"Нәтиже бар. Қазір байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізілуде. Жаңа нормаларға сәйкес, қабылданбаған қоңыраулар туралы хабарламалар абоненттерге тек SMS түрінде жіберілетін болады. Яғни, ешқандай мазасыздандыратын қайталама робот-қоңыраулар болмайды", – деп жазды Аймағамбетов Telegram-арнасында.
Сонымен қатар, депутаттың айтуынша, заң жобасы аясында рұқсат етілмеген трафикті генерациялауға тыйым салатын арнайы түзетулер қарастырылып жатыр.
Ол өз сөзін растау үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен (қазіргі – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі) келген құжаттың фотосын жариялады.
"Қазіргі уақытта аталған бұйрық жобасы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ескертулері мен ұсыныстарына сәйкес пысықталуда", – делінген вице-министр Досжан Мұсалиев қол қойған құжатта.
Автодозвон (автоматты қайта қоңырау шалу) – бұл байланыс операторларының абонентке жете алмаған жағдайда автоматты түрде қайта-қайта қоңырау шалуына мүмкіндік беретін функция.
2026 жылғы 13 мамырда Қазақстанда автодозвонды алып тастау мүмкін екені белгілі болды. Бұл мәселе Мәжілістің пленарлық отырысында көтерілген. Асхат Аймағамбетов автодозвон азаматтарға жиі кедергі келтіретінін айтқан. Ал Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл норманы қарастыруға дайын екенін хабарлаған.