ҰҚК есірткі жеткізудің 11 арнасын жойды: 26 адам ұсталды
Сурет: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі
Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың сәуір айынан бері есірткі жеткізудің 9 халықаралық және 2 өңірлік арнасының жолы кесіліп, бір фитозертхананың қызметі тоқтатылған.
Ақтау қаласының әуежайында денесінде жалпы салмағы 1 келі болатын 114 апиын капсуласын алып өтпек болған шетелдік азамат ұсталды.
Сондай-ақ Астана әуежайында Оңтүстік Азия елдерінің бірінен 12 келі гашиш майын жеткізген қазақстандық қолға түсті.
Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары "көкнәр сабанын" контрабандалық жолмен тасымалдауға, таратуға және одан есірткі өндіруге қатысы бар деген күдікпен тұрақты қылмыстық топтың әрекетінің жолын кесті.
Жүргізілген операциялар барысында 3,4 келі апиын, 9 келі гашиш, 11,4 келі синтетикалық есірткі, 18,5 келі гашиш майы, 26,4 келі марихуана, 110 грамм кокаин, 20 тонна көкнәр сабаны және 150 литрден астам прекурсор тәркіленді.
Аталған құқық бұзушылықтарға қатысы бар деген күдікпен Қазақстанның 23 азаматы мен 3 шетелдік ұсталды.
Қазіргі уақытта барлық дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.