Жекеменшік лагерьлер санитарлық қорытындысыз жұмыс істеген – Денсаулық сақтау министрі
Фото: pexels
Министрдің айтуынша, балалардың жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыратын әрбір мекеме маусым басталғанға дейін санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті. Бұл рәсім аясында ауыз су сапасы, бассейндер мен жағажай аймақтарындағы су, сондай-ақ ғимараттардағы микроклимат пен жарықтандыру деңгейі тексеріледі.
Биыл Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша 187 жазғы сауықтыру ұйымын ашу жоспарланған. Алайда лагерьлердің дайындығы әлі де төмен деңгейде қалып отыр.
Қазіргі таңда нысандардың тек 53%-ы (99 лагерь) өтінім тапсырған. Оның ішінде балаларды қабылдауға тек 33%-ы (33 нысан) ғана дайын.
Ең төмен дайындық деңгейі мына өңірлерде тіркелген:
- Қостанай облысы – 8% (12 нысанның 1-і);
- Шығыс Қазақстан облысы – 17% (11 нысанның 2-і);
- Қарағанды облысы – 27% (10 нысанның 3-і);
- Алматы облысы – 38% (44 нысанның 17-сі);
- Батыс Қазақстан облысы – 38% (16 нысанның 6-ы).
Сонымен қатар министрді рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеп жатқан жекеменшік лагерьлердің қызметі алаңдатып отыр.
Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз қызмет көрсеткен 14 жекеменшік лагерь анықталған. Аталған деректер бойынша материалдар прокуратура, полиция және жергілікті атқарушы органдарға жолданып, тиісті шаралар қабылданған.