Мемлекет басшысы Алатаудағы құрылысты бастау үшін жер мәселелерін шұғыл шешуді тапсырды
Фото: pexels
Жұмыс дұрыс ұйымдастырылса, Alatau city жобасы құрылысқа және жалпы ел экономикасына мықты серпін береді. Бұл туралы мемлекет басшысы Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президент құрылысты толық әрі қарқынды жүргізу үшін жер мәселесін шұғыл шешу керек екенін айтты.
"Алматы облысының жері өте шұрайлы екені баршаға мәлім. Қаладағы және іргелес аумақтағы жер телімдерінің көпшілігі жеке меншікте немесе ұзақ мерзімге жалға берілген. Олардың басым бөлігі әлі күнге дейін игерілмей жатыр". Қасым-Жомарт Тоқаев
Ол мемлекет қажетті нысандар салып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімдерін сатып алуға мәжбүр болып отырғанын атап өтті.
"Бұл жағдай бүкіл жұмысқа үлкен кедергі келтіруде. Өкінішке қарай, құрылысы басталған жобалардың саны жоспарға сай емес, яғни, әлдеқайда аз. 2024-2025 жылдардың өзінде қолданылмай жатқан 16 мың гектардан астам жер анықталды. Бірақ оның бар-жоғы 688 гектары ғана мемлекетке қайтарылды. Бұл жұмыс көптен шешімін таппай келе жатқан шектеулер мен рәсімдік кедергілерге байланысты өте баяу жүріп жатыр. Осы мәселе бойынша билік мекемелерінің қауқарсыздық көрсетуге хақы жоқ",- деді президент.
Ол елімізде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер телімдерін пайдаланудың айрықша шарттары әзірленгенін, аталған құқықтық режим Конституциялық заң арқылы бекітілгенін баса айтты.
"Арнайы басқару режиміне сәйкес Кеңестің, Реттеуші комиссияның және қала әкімшілігінің құзыреттері нақты белгіленді. Сондықтан қағазбастылыққа салынбай, барынша жедел және сапалы жұмыс істеу керек. Алдымен баса назар аударатын мәселелерді қолға алу қажет. Мысалы, қоқыс полигондарынан үнемі өрт шығады, бұл мәселені шұғыл және түпкілікті шешкен жөн". Президент
Оның айтуынша, бүлінген жерлерді қалпына келтіру жұмысын да назарда ұстау қажет.
"Қалаға жақын аумақта 30-ға жуық жер қойнауын пайдаланушы компания қызмет етіп жатыр. Олардың басым бөлігі экологиялық заңнама талаптарын және өнеркәсіп қауіпсіздігінің нормаларын сақтамайды. Тіпті, мұндай заңсыз әрекеттер жүйелі сипат алып кеткен деп айтсақ, артық болмайды. Өкінішке қарай, қызметін толық немесе уақытша тоқтатқан көптеген компания жерді қалпына келтіру жұмысымен мүлде айналыспайды". Қасым-Жомарт Тоқаев
Ол осы мәселені шешу – жергілікті атқарушы органның тікелей міндеті екенін нақтылады.
"Үкімет бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Президент Әкімшілігі осы жұмысқа қосылуы қажет".Мемлекет басшысы
Бұған дейін президент Алатау қаласында нені шұғыл қолға алу керек екенін айтқан болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript