Мәжіліс радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы заңды қабылдады
Сурет: pexels
2026 жылғы 3 маусымда Мәжіліс депутаттары "Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы" заңды және оған ілеспе құжаттарды екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Аталған заңдар радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы құқықтық негіздер мен қағидаттарды белгілеуге, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы негізгі заң талаптарына сәйкестендіруге бағытталған.
"Ұсынылған өзгерістердің ең маңызды нәтижесі – радиоактивті қалдықтарды сақтау мен көмуге қатысты жекелеген операцияларды реттеуден бас тартып, бүкіл жүйені кешенді түрде реттеуге көшу. Бұл жүйеге радиоактивті қалдықтармен жұмыс істейтін объектілердің толық өмірлік циклі, қалдықтарды түзушілердің міндеттері, ұлттық оператордың рөлі, жалпы қызмет шарттары, мемлекеттік реттеу, есепке алу, бақылау, қауіпсіздік, қаржыландыру және ядролық мұра мәселелері кіреді",- деді депутат Дүйсенбай Тұрғанов.
Ілеспе заң жобасы аясында келесі нормалар қабылданды:
- тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау режимін енгізу және оның тәртібін бекіту;
- "ядролық мұра объектілері" ұғымын енгізу;
- уәкілетті органның құзыретін нақтылау;
- атом энергиясы объектілеріне қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың арнайы тәртібін бекіту (қауіп деңгейі, қауіпсіздік талаптары және халықаралық тәжірибелер ескеріледі);
- "Атом электр станциясының ұлттық операторы" ұғымын енгізу. Ол толықтай мемлекетке тиесілі заңды тұлға болып, атом электр станциясын жобалау, салу, пайдалану және оны пайдаланудан шығару жұмыстарын жүзеге асырады.
Сонымен қатар Бюджет кодексіне түзетулер енгізілді. Олар Ұлттық операторды бюджет несиелеу ерекшеліктерін реттеуге бағытталған, яғни бюджет кредиттік желісі түрінде қаржыландыру көзделеді.
Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске енгізілген өзгерістер:
- Атом энергетикасы жөніндегі агенттікті уран саласындағы уәкілетті орган ретінде бекіту және оған уран барлауын реттеу өкілеттігін беру;
- стратегиялық ресурстарды (уран мен көмірден басқа) барлау және өндіруге лицензия алуға "Тау-Кен Самұрық" ұлттық компаниясына мүмкіндік беру;
- барлау кезеңінде бұрғыланған ұңғыманы 90 күннен артық уақытша пайдалану тетігін енгізу, бұл ерте кезеңде мұнай өндіруге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге заң жобаларына мазмұндық бағытты өзгертпейтін редакциялық және техникалық-заңдық нақтылаулар енгізілді.
Аталған заң жобасы 2026 жылдың сәуір айында бірінші оқылымда мақұлданған болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript