Қарағанды облысында асырап алған жетім балаларды жылдар бойы қорлаған отбасы сотталды
Фото: Zakon.kz
Ерлі-зайыпты мен олардың туған қызы алты баланы (2008, 2009, 2011 және 2014 жылы туған) жүйелі түрде азаптап, денсаулығына ауыр зиян келтіргені және ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін сотталды.
Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, жұбайлар 2018 жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған алты баланы патронаттық тәрбиеге алу туралы келісімшарт жасаған.
Сот материалдарына сәйкес, айыпталушылар 2018 жылдан 2023 жылға дейін кәмелетке толмағандарға жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсеткен.
Сонымен қатар, ерлі-зайыптының екеуі де Т. есімді кәмелетке толмаған балаға ауыр дене жарақатын келтіріп, соның салдарынан ол ауруханаға түскен.
Отбасы әкесі мемлекеттен балаларды асырауға бөлінген қаражатты құмар ойындарға жұмсаған. Соның салдарынан мемлекетке 6 264 256 теңге көлемінде шығын келтірілген.
Сот мәліметінше, сол кезде кәмелетке толмаған туған қыз ата-анасының әрекетін қайталап, балаларды күрек сабымен, оқтаумен, оттық қысқышпен, шоқпармен, сыпырғыш сабымен және қамшымен ұрып-соғып, оларды моральдық тұрғыдан да қорлаған.
Сот үкімімен ер адам 12 жылға, әйелі 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Олардың қызы 4 жыл 8 ай мерзімге сотталды.
Сондай-ақ сот ересек сотталғандардан әрбір жәбірленуші баланың пайдасына 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Бұдан бөлек, ер адамнан мемлекет пайдасына келтірілген 6 264 256 теңге шығын өндірілетін болды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сот процесі 2025 жылдан бері жалғасып келген. Тергеу мен сот барысында балаларға көрсетілген қорлықтың шамамен бес жыл бойы жалғасқаны анықталды.
Жәбірленушілердің айтуынша, олар ауыр шаруашылық жұмыстарына жегілген, ал болмашы қателіктері үшін аяусыз жазаланған. Балалар өздерін әртүрлі затпен ұрып-соққан, үстіне қайнаған су құйғанын, иттің үйшігінде түнеуге мәжбүр болғанын және өзге де қорлыққа ұшырағанын айтты. Сондай-ақ олардың тамағына жануарлардың нәжісі қосылған.
Сарапшылар кейбір балалардың денесінен 19-дан 47-ге дейін тыртық іздерін анықтаған. Балалардың бірі мүгедек болып қалған, тағы біріне психологиялық бұзылыс диагнозы қойылған.