Ұлттық Банк 8 айда алғаш рет базалық мөлшерлемені төмендетті

Национальный банк РК, Национальный банк Казахстана, Нацбанк РК, Нацбанк, Национальный Банк Республики Казахстан, НБК, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.06.2026 14:00 Фото: Zakon.kz
2026 жылғы 5 маусымда Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені +/- 1 п. т. дәлізімен жылдық 18%-дан 17%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Zakon.kz.

Таратылған ақпаратқа сүйенсек, бұл шешім кезекті болжамды раундтың нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер мен инфляция тәуекелдері теңгерімінің жаңартылған бағалауына сүйеніп қабылданды.

Ведомство ақпаратынша, жылдық инфляцияның баяулау үрдісі жалғасып келеді: Өткен жылғы қыркүйектегі ең жоғары мән – 12,9%-дан 2,5 пайыздық тармаққа төмендеп, биылғы мамыр айының қорытындысы бойынша 10,4% болды.

Азық-түлік инфляциясы 10,7%-ға дейін төмендеді. Бұған жеміс-жидек пен көкөніс, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен жекелеген импорттық тауарлар бағасы өсімінің баяулауы себеп болды.

Азық-түлікке жатпайтын инфляцияның өсу қарқыны (11,7%) бұрынғы деңгейінде сақталды. Бұл бағытқа теңге бағамының нығаюы мен тұтынушылық кредиттеудің бәсеңдеуі салдарынан сұраныстың тұрақтану белгілері әсер етті.

Мамыр айында айлық инфляция 0,7%-ға дейін баяулады (сәуірде – 0,8%). Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция да 0,7%-ға дейін төмендеді.

"Халықтың алдағы бір жылға арналған инфляциялық күтулері мамырда 12,7% болды. Соңғы екі айда бұл көрсеткіш 12,4-12,7% аралығында қалыптасты. Ал өткен жылдың ортасынан бері ол тұрақты түрде 13-14%-дан жоғары болған еді. Қазіргі күтулердің едәуір бөлігі реттелетін бағалар реформасының ықпалымен қалыптасып отыр. Ал, нарыққа кәсіби қатысушылардың 2026 жылдың соңына қарай инфляция бойынша күтулері 10,0% деңгейінде өзгеріссіз қалды",- делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, атап өтілгендей, азық-түліктің әлемдік бағасы – өсімдік майы, ет және дәнді дақылдардың қымбаттауы есебінен бірқалыпты өсіп жатыр, ал қант пен сүт өнімдерінің бағасы төмендеп отыр.

Жаңартылған базалық сценарий аясында алдыңғы болжамдармен салыстырғанда, осы жылдың соңына дейін Brent маркалы мұнайдың бағасы неғұрлым жоғары деңгей – 1 баррель үшін 90 АҚШ доллары көлемінде болады деп болжанады.

Мұнай бағасының мұндай динамикасы Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің әсерінен қалыптасып отыр. Болжам бойынша баға біртіндеп төмендеп, 2027 жылы барреліне 75 АҚШ долларын, ал 2028 жылы 65 АҚШ долларын құрамақ.

Ал, 2026 жылға арналған инфляция болжамы 9-11%-ға дейін (бұған дейін 9,5-11,5%) төмендеу жағына қарай қайта қаралды.

Бұған баға өсімінің іс жүзінде тез баяулауы, ҚҚС көтерілуінің бағаға шектеулі әсері, сондай-ақ теңге бағамының нығаюы бірден-бір себеп болды. Ұлттық Банк биыл инфляцияның бір мәнді деңгейге төмендеуін күтеді. Бұған ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары мен Үкіметпен бірлесіп атқарылып жатқан макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары септігін тигізеді.

Болжам бойынша, 2027 жылы инфляция 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды, ал 2028 жылы 5%-дық нысаналы көрсеткішке дейін тұрақтанады. Ол сыртқы инфляциялық жағдайдың қалыпқа келуіне, инфляциялық күтулердің төмендеуіне, квазифискалдық ынталандырудың және фискалдық шоғырландырудың азаюы аясында орын алады.

"Инфляция тәуекелдерінің проинфляциялық бағытқа қарай ығысу дәрежесі төмендеді. Бірінші жартыжылдықтағы бірқалыпты ішкі сұраныс пен теңгенің нығаюына ықпал еткен қолайлы сыртқы конъюнктура жинақталған проинфляциялық қысымды ішінара теңестірді".ҚР Ұлттық банкі баспасөз қызметі

Ішкі тәуекелдер: Квазифискалдық ынталандыру аясында сұраныстың жедел өсуі, ақша агрегаттарының кеңеюі, құбылмалы инфляциялық күтулер, сондай-ақ ТКҚ тарифтері мен ЖЖМ бағаларын реформалау параметрлерінің нақты іске асуы. Сыртқы тәуекелдер: Сыртқы инфляциялық қысымды күшейтетін және әлемдік нарықтағы құбылмалылықты арттыратын геосаяси шиеленістер.

2026 жылға арналған ЖІӨ-нің өсу болжамы жақсарып, 4,5-5,5% аралығында бағаланды. Болжам нақты экономикалық белсенділіктің жоғарылауы мен мұнай бағасындағы алғышарттардың жақсаруына байланысты қайта қаралды. 2027-2028 жылдары ЖІӨ өсімі 3,5-4,5% деңгейінде болады деп күтіледі. Ортамерзімді келешекте экономикадағы өсім ішкі сұраныстың неғұрлым теңгерімді динамикасы мен мұнай бағасының төмендеуі жағдайында қалыптасады.

Ақпаратқа сүйенсек, қол жеткізілген инфляцияның баяулауы мен болжамдардың жақсаруына байланысты осы отырыста базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі қалыптасты. Сонымен бірге, биыл инфляцияның бір мәнді көрсеткiшке дейін төмендеуін қамтамасыз ету және ортамерзімді келешектегі мақсатқа қол жеткізу үшін ақша-кредит шарттарының ұстамды қатаңдығын сақтау қажет. Бұдан кейінгі шешімдер инфляцияның нақты траекториясына, ішкі сұраныс динамикасына, фискалдық параметрлердің орындалуына және квазифискалдық ынталандырудың әсеріне сүйене отырып қабылданады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: