Алматыда жасырын есірткі плантациясы анықталды
Сурет: polisia.kz
Тексеру жұмыстарына тұрғындардан "102" арнасына келіп түскен хабарлама негіз болды. Хабарламада есірткі заттарына тән күмәнді иістің сезілетіні айтылған.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері тексеру барысында жертөле ішінде арнайы жабдықтардың орнатылғанын және құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіруге арналған жасанды жағдайлардың жасалғанын анықтады.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аталған орынға қатысы бар адамдар анықталды. Тергеу барысында сыртқы белгілері бойынша қарасораға ұқсас ондаған түп өсімдік пен кептірілген өсімдік тектес зат тәркіленді.
Сонымен қатар өсімдіктерді өсіруге және оларды заңсыз айналымға дайындауға арналған арнайы құрал-жабдықтар да алынды. Олардың қатарында жарықтандыру құрылғылары, электронды таразылар, вакуумды қаптау аппараты және температураны бақылауға арналған техникалық құралдар бар.
Алматы қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Батыржан Абдумасаров мұндай құқық бұзушылықтардың ерекше бақылауда екенін атап өтті.