"Қазгидромет" жасанды жаңбыр жөніндегі қауесетке жауап берді
Фото: unsplash
Жоба Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық метеорологиялық орталығы, Түркістан облысының әкімдігі, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, "Қазгидромет" РМК және "Қазаэронавигация" РМК-ның бірлесуімен жүзеге асырылып жатыр.
"Жобаның дайындық кезеңінде 2020-2024 жылдар аралығындағы 39 метеостанцияның деректері негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Атмосфералық үдерістер мен жер бедерінің ерекшеліктерін кешенді талдау нәтижесінде Түркістан облысы пилоттық жоба үшін ең перспективалы аумақ ретінде айқындалды", – делінген хабарламада.
Жауын-шашын мөлшерін жасанды түрде арттыру технологиясы тек табиғи жолмен қалыптасқан тік бағытта дамыған будақ-жаңбырлы (Cumulonimbus) бұлттар болған жағдайда ғана қолданылады. Әсер ету үдерісі жергілікті әрі қысқа мерзімді сипатқа ие, климаттық үдерістерге ықпал етпейді және ауа массаларының қозғалысын өзгертпейді.
"Қазгидромет" РМК жобаға ғылыми-метеорологиялық сүйемелдеу көрсетеді: атмосфераға тәулік бойы мониторинг жүргізеді, спутниктік суреттер мен синоптикалық деректерді талдайды, бұлт жүйелерін бақылайды, сондай-ақ түскен жауын-шашын мөлшеріне бағалау жүргізеді.
Алынған деректер технологияның тиімділігіне ғылыми тұрғыдан баға беруге және оның өңірдің су теңгерімі мен ауыл шаруашылығы аумақтарын қолдаудағы әлеуетін зерделеуге мүмкіндік береді.