Тоқаев педагогтердің міндеттерін қайта қарайтын заңға қол қойды
Фото: Zakon.kz
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі 2026 жылғы 12 маусымда хабарлады.
"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", – делінген хабарламада.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Президент сондай-ақ "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.
Құжатқа сәйкес, "Білім туралы" Қазақстан Республикасының заңына Оқу-ағарту министрлігіне орта білім беру ұйымдарындағы оқушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыс құралдарын пайдалану қағидаларын әзірлеу және бекіту өкілеттігін беру жөніндегі норма енгізіледі.
Ал "Педагог мәртебесі туралы" заңға педагогтің және (немесе) білім беру ұйымы басшысының білім алушылармен және (немесе) тәрбиеленушілермен болған оқиғалар үшін тек өзінің кәсіби қызметін жүзеге асыру кезеңінде, оның ішінде білім беру қызметіне байланысты лауазымдық міндеттерін орындау барысында ғана жауапты болатынын көздейтін норма енгізіледі.
Сондай-ақ "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" заңға педагогикалық сүйемелдеуге жататын кәмелетке толмағандарға қатысты нормалар енгізіледі. Олардың қатарында:
- орта білім беру ұйымдары мен техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдардың педагог-психологтары мен әлеуметтік педагогтерінің тәуекел тобындағы бақылауында тұрған, оның ішінде зорлық-зомбылық пен қатыгездік туралы хабарлаған, суицидтік ойы бар немесе суицид жасауға әрекеттенген кәмелетке толмағандар;
- отбасыны қолдау орталықтары мен психологиялық қолдау орталықтарының сүйемелдеуіндегі балалар;
- кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырыстарында қаралған балалар;
- қиын жағдайдағы адамдарға (отбасыларға) қолдау көрсетуді ұйымдастыру және ерте анықтау жөніндегі мобильді топтар анықтаған, тұрмыстық зорлық-зомбылық факілері тіркелген отбасылардағы кәмелетке толмағандар бар.
Сенаттың бейінді комитетінің қорытындысында бұл заңдарды қабылдау педагогтерді өздеріне тән емес міндеттерден қорғауға, педагог кадрларды мақсатты әрі сапалы даярлауды қамтамасыз етуге, олардың негізгі кәсіби қызметіне шоғырлануына жағдай жасауға, педагог мәртебесін нығайтуға, сондай-ақ денсаулық сақтау мен білім беру сапасын арттырып, балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік беретіні айтылған.