Шымкенттегі кафе мен мейрамханаларға кальян жарнамасын алып тастау талап етілді

Табак, табачная продукция, сигареты, никотин, табак, дым, курение сигарет, сигарета, курильщик, курильщики, электронные сигареты, электронная сигарета, вейп, вейпы, сурет - Zakon.kz жаңалық 24.06.2026 11:57 Фото: unsplash
Шымкентте әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарда кальян өнімдерін заңсыз жарнамалаудың алдын алу және жолын кесу жұмыстары күшейтілді. Бұл туралы Zakon.kz хабарлайды.

Қазақстан Республикасының "Жарнама туралы" заңының 13-бабына сәйкес кальянға арналған темекіні, кальян қоспаларын және өзге де темекі өнімдерін тікелей немесе жанама түрде жарнамалауға тыйым салынған.

Заң талаптары бұқаралық ақпарат құралдарына ғана емес, интернет-платформаларда орналастырылатын жарнамалық материалдарға да қолданылады.

Әлеуметтік желілерде кальян бейнеленген фото және бейнематериалдарды жариялау, оны тұтынуға шақыратын жазбалар орналастыру, арнайы ұсыныстар, жеңілдіктер мен акциялар туралы ақпарат тарату, сондай-ақ кальян өнімдерін мәзірлер, баннерлер және сыртқы жарнама арқылы насихаттау қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келеді.

Сондай-ақ "кальян бар", "жаңа дәмдер", "кальян сыйлыққа беріледі", "акция", "жеңілдік" секілді жазбалар мен тұтынушылардың қызығушылығын арттыруға бағытталған басқа да жарияланымдар тыйым салынған өнімнің жанама жарнамасы ретінде бағалануы мүмкін.

Жарнама туралы заңнаманы бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 455-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Заң бұзушылық анықталған жағдайда заңсыз жарнаманы тарату мен орналастыру дереу тоқтатылуы тиіс.

Осыған байланысты қоғамдық тамақтану орындары мен ойын-сауық мекемелерінің иелеріне әлеуметтік желілердегі парақшаларынан кальян жарнамасын алып тастау, мәзірлерден, баннерлерден және жарнамалық конструкциялардан тиісті мәліметтерді жою, блогерлер мен өзге де тұлғалар арқылы жасырын жарнамаға жол бермеу, сондай-ақ мекеменің интернет-парақшаларындағы контентке тұрақты бақылау жүргізу қажеттігі ескертілді.

Қала прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп интернет кеңістігіне мониторинг жүргізуді жалғастырады.

Заң талаптарын елемейтін кәсіпкерлерге қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Мамандар кальян жарнамасы бизнесті ілгерілетудің құралы емес, заң бұзушылық болып саналатынын еске салды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: