Жетісу облысында ЖИ оқушыларды дағдарыстан құтқарудың көмекші құралына айналды
Сурет: primeminister.kz
Жетісу облысында іске асырылған осы бағыттағы сәтті жоба туралы толығырақ Zakon.kz ақпаратында.
Жетісу облысында "Психолог кабинеті" атты цифрлық жоба енгізіліп, өңірдегі 295 жалпы білім беретін мектептің барлығында іске қосылды.
Енгізілген платформа – мектеп психологының бүкіл жұмыс процесін толық автоматтандырып, цифрлық форматқа көшірген онлайн сервис. Бағдарлама тәулік бойы, аптасына жеті күн (24/7) үздіксіз жұмыс істейді және тұрақты түрде жаңартылып отырады.
Платформаның басты мақсаты – қағазбастылықты азайтып, мамандарға оқушылардың психоэмоционалдық жағдайын жедел бағалауға мүмкіндік беретін тиімді құрал ұсыну.
Бүгінгі таңда автоматтандырылған тестілеумен өңірдегі 51 мыңнан астам оқушы қамтылған. Оқушылар үшін жүйені пайдалану өте қарапайым әрі ыңғайлы. Олар компьютер немесе планшет арқылы арнайы ғылыми тұрғыдан тексерілген (валидті) психологиялық тесттердің сұрақтарына жауап береді.
Ең маңыздысы – жүйенің ішкі жұмысы. Платформаның алгоритмдері оқушылардың жауаптарын автоматты түрде өңдеп, олардың психологиялық қауіп деңгейіне қарай үш түсті аймаққа бөледі.
- Жасыл аймақ – баланың психоэмоционалдық жағдайы қалыпты, шұғыл көмек қажет емес.
- Сары аймақ – ерекше назар аударуды қажет ететін топ. Мұнда мазасыздықтың, күйзелістің немесе депрессиялық белгілердің алғашқы белгілері байқалған балалар енгізіледі.
- Қызыл аймақ – қауіп деңгейі өте жоғары. Бұл баланың маманның шұғыл көмегіне мұқтаж екенін білдіреді.
Мектеп психологы өзінің жеке виртуалды кабинетінде бірден ерекше назар аударуды қажет ететін оқушыларды көріп, сол сәтте-ақ олармен жеке немесе топтық жұмыс жоспарын жасай алады.
IT-компанияның басшысы Светлана Ермекованың айтуынша, платформа тиімділігі халықаралық деңгейде дәлелденген озық тәжірибелерге сүйене отырып әзірленген.
"Дүниежүзілік банктің зерттеулерін қоса алғанда, халықаралық зерттеулер мектеп психологиясында ІТ-платформаларды пайдалану деректерді өңдеу уақытын орта есеппен 40 пайызға қысқартатынын көрсетеді. Біз Жетісу облысындағы 451 мектеп психологын қағазбастылықтан, қолмен есептеуден және көлемді есептер жазудан босаттық. Енді мұның барлығын жүйе бірнеше секунд ішінде орындап, объективті нәтижелерді ұсынады", – деді Светлана Ермекова.
Алғашқы автоматтандырылған диагностика барысында көптеген оқушыда бұрын анықталмаған психологиялық мәселелер бар екені белгілі болды. Атап айтқанда 16 748 оқушы "сары аймаққа" енгізілді, 1 012 оқушы ең жоғары қауіп деңгейіндегі "қызыл аймаққа" түсті.
Осы нақты мәліметтердің негізінде өңір психологтары әр балаға жеке көмек көрсету жұмыстарын бастады. Нәтижесінде 12 294 оқушының психоэмоционалдық жағдайы толық тұрақтанып, олар қауіпсіз "жасыл аймаққа" ауысты. Осылайша, "Қызыл аймақтағы" оқушылар саны 1 012-ден 295-ке дейін, яғни үш еседен астам қысқарды. Ал "сары аймақтағы" балалар саны 1 746 адамға дейін азайды.
Жетісу облысы Балалардың құқықтарын қорғау және әдістемелік психологиялық қолдау орталығының әдіскер-психологы Ажар Қасымжанованың айтуынша, бұрын ауыр психологиялық күйзеліске түскен баланы анықтау үшін бірнеше апта бойы қағаз түріндегі сауалнама жүргізуге тура келетін.
"Бұрын ауыр психологиялық дағдарыста жүрген баланы анықтау үшін бірнеше апта бойы жазбаша сауалнама жүргізілетін. Қазір мұны автоматтандырылған жүйе бірден анықтайды. "Қызыл аймақтағы" балалар санының азаюы – бәріміз үшін үлкен жетістік. Платформа бізге бұрын-соңды болмаған дәлдікпен мәлімет алуға мүмкіндік берді. Қағазбастылықтан босатылған психологтар енді барлық уақытын балаларға нақты көмек көрсетуге – кеңес беруге, тренинг өткізуге және жеке сүйемелдеуге арнай алады. Цифрлық "Психолог кабинеті" балалардың өміріндегі қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретін өте маңызды әрі уақытылы құрал", – деді Ажар Қасымжанова.
Жетісу облысының бұл тәжірибесі республикалық деңгейде табысты жоба ретінде танылды. Болашақта оны Қазақстандағы барлық мектепке енгізудің үлгісі ретінде пайдалану жоспарланып отыр.