ЕО елшісі Қазақстанда босқындарға арналған лагерьлер ашылады деген қауесетті жоққа шығарды
Фото: senate.parlam.kz
Журналистер Еуропалық одақ Қазақстанда босқындарды орналастыру орталықтарын ашу мүмкіндігін визалық режимді жеңілдетуге айырбас ретінде қарастырып жатыр деген ақпаратқа түсініктеме беруді сұрады.
Оның айтуынша, бұл туралы тараған ақпарат – негізсіз қауесет пен алыпқашпа әңгіме.
"Еуропалық одақ көші-қон жөніндегі жаңартылған пактіні қабылдады. Онда үш негізгі мақсат белгіленген. Біріншісі – заңсыз көші-қонның алдын алу және адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтарға қарсы күресу. Екіншісі – соғыс пен қудалаудан қашып жүрген адамдарды қорғау. Үшіншісі – Еуропалық одаққа білікті әрі талантты мамандарды тарту",- деп түсіндірді ол.
Оның сөзінше, жаңа құжатқа енгізілген тағы екі маңызды өзгеріс бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланған.
"Бірінші өзгеріске сәйкес, енді пана сұраушылар Еуропалық одаққа кірмей-ақ, шекараның өзінде баспана сұрай алады. Яғни, ЕО-ға мүше мемлекеттер оларды өз аумағына кіргізбей-ақ, өтініштерін шекарада қабылдай алады. Бұл рәсім 12 аптаға дейін созылуы мүмкін. Осыдан кейін ғана өтініш тиісті мемлекетке жолданады. Екінші өзгеріс бойынша, егер адам Еуропалық одақтан баспана сұрап, бірақ өтініші қанағаттандырылмаса және оның ЕО аумағында қалуына заңды негіз болмаса, онда оны өз еліне ғана емес, үшінші бір мемлекетке жіберуге мүмкіндік қарастырылған",- деді ол.
Елші бұл норма заң жүзінде әлі толық күшіне енбегенін, дегенмен мұндай мүмкіндік қарастырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар ол бұл мәселеде Қазақстанның мүлде талқыланбағанын атап өтті.
"Менің ойымша, бұл қауесет кейбір адамдардың мұндай үшінші ел ретінде қандай мемлекеттер болуы мүмкін екенін талқылауынан шыққан. Бұл – жай ғана болжам мен алыпқашпа әңгіме. Бірақ мен сіздерді сендіргім келеді: қазіргі уақытта Еуропалық одақ та, Еуропалық комиссия да Қазақстанмен немесе басқа кез келген мемлекетпен босқындарды қабылдайтын үшінші елге айналуы жөнінде ешқандай келіссөз жүргізіп жатқан жоқ", – деді Алешка Симкич.
Оның айтуынша, мұндай келісімдерді Еуропалық одақ емес, әрбір мүше мемлекет өз бетінше жасайды. Егер қандай да бір мемлекет үшінші елмен осындай келісімге келгісі келсе, онда ол сол елмен тікелей келіссөз жүргізеді.
"Мысалы, Италия мен Албания арасында осындай келісім бар. Болашақта қандай да бір мемлекет Қазақстанға немесе Өзбекстанға осындай ұсыныспен шығуы мүмкін. Бірақ оны қабылдау немесе қабылдамау – сол мемлекеттің өз шешімі. Қазір бұл жөнінде ешқандай келіссөз болған жоқ және таяу уақытта да жүргізілмейді", – деп қорытындылады елші.
Алешка Симкич Еуропалық одақтың Қазақстан аумағында босқындарға арналған лагерьлер немесе орналастыру орталықтарын ашу мәселесін қарастырып жатпағанын тағы да нақты айтты.