Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханада күрделі операция алғаш рет заманауи әдіспен жасалды
Сурет: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Жүргізілген тексерулер нәтижесінде науқасқа долихосигма диагнозы қойылды. Бұл – өте күрделі диагноз.
Науқастың жағдайын жан-жақты саралаған дәрігерлер хирургиялық ем жүргізу туралы шешім қабылдады. Оның ерекшелігі – науқастың іш қуысы үлкен көлемде кесілмей, бірнеше шағын тілік жасалды. Лапароскопиялық әдіспен жасалған ота барысында сигма тәрізді ішектің зақымданған бөлігі алынып, аппараттық колоректальды анастомоз қалыптастырылды.
Бұл әдістің артықшылығы – операциядан кейінгі ауырсынудың аз болуы, науқастың тез қалпына келуі, асқыну қаупінің төмендеуі және қалыпты өмірге жылдам оралуына мүмкіндік беруінде.
Айта кету керек, мұндай жоғары технологиялық лапароскопиялық операция қалалық №1 клиникалық ауруханада алғаш рет жасалып отыр. Бұл – ауруханада заманауи хирургиялық көмекті дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Сондай-ақ №1 қалалық клиникалық ауруханада медицина мамандарына арналған практикалық мастер-кластар жиі ұйымдастырылып отырады. Мұндай іс-шараның негізгі мақсаты зақымданған органдарды емдеудің заманауи тәсілдерін меңгеру және мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіру болып табылады. Мастер-класс барысында шұғыл және жоспарлы емдеу, сондай-ақ күрделі жағдайларда реконструкциялық оталар жасау әдістері бойынша практикалық сабақтар өткізіледі.
Мамандар заманауи микрохирургиялық әдістерді
тәжірибе жүзінде меңгеріп, кәсіби білімдері мен дағдыларын жетілдіреді. Әрине, мұндай оқыту іс-шаралары медициналық көмектің
сапасын арттыруға, күрделі жарақат алған пациенттерге жоғары білікті көмек
көрсетуге және заманауи емдеу әдістерін тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді.