Есірткі контрабандасымен айналысқан тұрғын 16 жылға сотталды
Сурет: polisia.kz
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Астана қаласының 32 жастағы тұрғыны Таиландтан Қазақстан Республикасының аумағына үш халықаралық пошта жөнелтілімі арқылы әкелінген есірткі заты, каннабис сығындысын контрабандалық жолмен өткізгені анықталды. Тәркіленген есірткі затының жалпы салмағы шамамен 2,9 келіні құрады, бұл аса ірі мөлшерге жатады.
Тергеу әрекеттері барысында күдіктінің уақытша тұрған жеріне жүргізілген тінту кезінде одан әрі өткізуге дайындалған есірткі заттары, электронды таразылар, буып-түю материалдары, SIM-карталар, ақша қаражаты және қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Аталған дерек бойынша көлік полицейлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, оның қылмысқа қатысы барын толық дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар жинады. Сот үкімімен қаскүнем аса ірі мөлшердегі есірткі заттарының контрабандасын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері көліктегі ПД қызметкерлері есірткіге қатысты 202 құқық бұзушылықты тоқтатты. Оның ішінде 41 өткізу фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың 6 фактісі және 16 контрабанда фактісі тіркелді. Заңсыз айналымнан барлығы 172 келіден астам есірткі заты тәркіленді.