"Семей орманындағы" өрт ауыздықталды
Сурет: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі
Бұл туралы 2026 жылғы 18 шілдеде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
"Абай облысы "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты Бородулиха филиалының Камышенка орманшылығының орман алқабының жануы оқшауланды", – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін, 2026 жылғы 16 шілдеде Абай облысындағы "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватында орман өрті шыққаны хабарланған болатын. Өрт сағат 09:45-те Бородулиха филиалына қарасты Камышенка орманшылығының 57-кварталында тіркелді. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің авиациясы жұмылдырылды.
Абай облысы полиция департаментінің қызметкерлері "Семей орманы" резерватының маңында орналасқан DosbolLike балалар лагерінен 190 баланы және 20 қызметкерді қауіпсіз жерге эвакуациялады.
Кейінірек Премьер-министр Олжас Бектенов Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа "Семей орманы" аумағындағы орман өртін сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін шұғыл түрде Абай облысына баруды тапсырғаны белгілі болды. Сондай-ақ Үкімет басшысы өрттің одан әрі таралуына жол бермеу және жақын маңдағы елді мекендерді қорғау шараларын күшейтуді тапсырды.
"Семей орманы" резерватындағы ірі орман өртін сөндіру жұмыстарына Қазақстан Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері де тартылды.