Қазақстан Қара теңіздегі дрон шабуылдарын қатаң айыптады

Қазақстан Қара теңіздегі дрон шабуылдарын қатаң айыптады, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.07.2026 19:53 Сурет: Zakon.kz
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумы (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдауға қатысқан азаматтық кемелерге жасалған дрон шабуылдарын қатаң айыптады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство бұл әрекеттерді Қазақстанның экономикалық мүдделеріне қол сұғушылық деп бағалап, келтірілген залал үшін халықаралық құқық аясында өтемақы талап ету құқығын өзіне қалдыратынын мәлімдеді.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, 2026 жылғы 17 және 19 шілдеде Қара теңізде Каспий құбыры консорциумы арқылы мұнайды заңды түрде тасымалдауға тартылған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасалған.

Министрлік бұл шабуылдарды Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне жол беруге болмайтын қол сұғушылық ретінде бағалап отыр. Сонымен қатар мұндай әрекеттер халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтардың тұрақтылығын және халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін бұзуға бағытталған қасақана қадам екені атап өтілді.

Ведомствоны әсіресе Қара теңіздегі КҚК терминалдарына мұнай тиеу үшін кіретін азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасудың бұған дейін келісілген тетігінің ескерілмегені алаңдатады. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл жағдай экипаж мүшелерінің өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндірген.

Осыған байланысты Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутек шикізатын экспорттау инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жан-жақты шаралар қабылдауды талап етті.

Сондай-ақ Астана серіктес мемлекеттерді бұл шабуылдарды ашық айыптауға шақырып, барлық мүдделі тараптарды нақты іс жүзіндегі бірлескен шешімдер әзірлеуге үндеді. Министрлік халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтау ғана осындай оқиғалардың қайталануына жол бермейтінін атап өтті.

Қазіргі уақытта Қазақстан келтірілген залалға жан-жақты бағалау жүргізіп жатыр. Оның нәтижесіне қарай республика халықаралық құқықта көзделген барлық тетіктерді пайдаланып, қажет болған жағдайда келтірілген шығынды өтеу туралы талап қою мүмкіндігін қарастырады.

Сыртқы істер министрлігі Қазақстан қақтығыстарды тек бейбіт жолмен реттеуді қолдайтынын және халықаралық құқық қағидаттарына, кеме қатынасы еркіндігіне, сондай-ақ халықаралық көлік-логистикалық және энергетикалық бағыттардың тұрақты жұмысына бейілді екенін мәлімдеді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: