Қазақстандық күдікті Грузиядан экстрадицияланды: 2,4 млрд теңгенің мүлкі бұғатталды

Қазақстандық күдікті Грузиядан экстрадицияланды: 2,4 млрд теңгенің мүлкі бұғатталды, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.07.2026 10:29 Сурет: Telegram/GenPr
Синтетикалық есірткі өткізді және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырды деген күдікке ілінген азамат Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2026 жылғы 27 шілдеде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеп, істің мән-жайын жариялады.

"Бас прокуратура және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің көмегімен аса ірі мөлшердегі психотроптық заттардың заңсыз айналымымен, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастырумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматын Грузиядан экстрадициялады", – делінген хабарламада.

Тергеу барысында аталған азаматтың қылмыстық топтың мүшесі ретінде Алматы облысының аумағында аса ірі көлемде есірткі өндірісін ұйымдастырғаны анықталды. Кейін дайындалған психотроптық заттардың аналогтары облыс аумағында жасырын орындарға қалдыру арқылы таратылған.

"Тергеу барысында қылмыстық топтан 10 келіге жуық психотроптық зат – мефедрон тәркіленді. Қаскөйлер қылмыстық әрекеттен түскен 1,8 млрд теңгеден астам заңсыз кірісті түрлі қаржылық операциялар, соның ішінде криптовалюта айырбастау орындары арқылы заңдастырған. Сондай-ақ 600 млн теңгеден астам сомаға жылжымайтын мүлік, бизнес нысандары мен көлік құралдарын сатып алған. Бұл активтерді мемлекет кірісіне айналдыру мақсатында оларға тыйым салынды", – деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта қылмыстық топ мүшелерінің бір бөлігі сотқа беріліп, оларға қатысты сот талқылауы жүріп жатыр. Ал топтың кейбір мүшелері, соның ішінде күдікті де қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.

"Ол биыл қаңтарда Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды", – делінген ведомство хабарламасында.

Бас прокуратураның мәліметінше, оған тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

2026 жылғы 24 шілдеде Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығына жабдық сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыруды ұйымдастырған күдіктінің Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланғаны белгілі болды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, сот сараптамасы органдарын жабдықтауға республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Күдікті Сот сараптамалары орталығының бұрынғы директорымен, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысымен және екі компанияның өкілдерімен бірге бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: