Инвестициялық алаяқтар жаңа технологияларды пайдалана бастады – Ұлттық банк
Фото: пресс-служба Национального банка РК
Ұлттық банктің хабарлауынша, әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және форумдарда теріс пиғылды адамдар инвестициялық компаниялардың атынан "токенделген алтынға", "асқан жоғары табысты жасанды интеллект әзірлемелеріне", "нейрожелі негізіндегі трейдер-роботқа" салынған қаражаттан кепілді табыс туралы хабарламалар таратып жатыр.
"Алаяқтар өздерін қаржылық кеңесші ретінде таныстырып, "инвестициялық платформаның" немесе "криптовалюта сервисіндегі" жоғары табыстылықтың жалған статистикасын көрсетеді және брокерлік немесе криптовалюта платформасының жасанды веб-сайтына тіркелуге көмектеседі. Мұндай сайттарда нақты инвестициялық қызметтің жалған көрінісі жасалады: графиктер, жасалған мәмілелер тарихы, жеке кабинет және қолдау чаты көрсетіледі", – делінген хабарламада.
Сенімділік үшін теріс пиғылды адамдар пайдаланушының сеніміне кіру мақсатында "пайданың" азғантай сомасын шығарып беруге мүмкіндік береді. Осыдан кейін олар "бірегей ұсыныс", "табыстылықтың өсуі" немесе "ерекше тиімді мәміле" деген сылтаумен ірі соманы салуға көндіреді. Пайдаланушының шотындағы қаражат көлемі айтарлықтай ұлғайған кезде, ақшаны шығару мүмкін болмай қалады. Осы тұста алаяқтар салықтарды, комиссияларды немесе сақтандыруды төлеуді талап етеді.
"Сонымен қатар өз әрекеттеріне заңдылық сипат беру үшін теріс пиғылды адамдар пайдаланушыларға мөрлер, қойылған қолдар, сериялық нөмірлер және басқа да деректемелері бар жалған хаттар мен құжаттарды жіберіп отырады. "Салықтар мен комиссиялар" түріндегі төлемдерді алғаннан кейін теріс пиғылды адамдар байланысқа шығуды тоқтатады, ал платформаға кіру рұқсаты бұғатталады". ҚР Ұлттық банкі
Ұлттық Банк қызметкерлері аудио және видеоқоңыраулар шалмайтынын еске саламыз. Сондай-ақ жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді, пайлық инвестициялық қорларға және өзге де қаржылық өнімдерге ақша салуды ұсынбайды, ақшалай қаражатты сақтандырумен айналыспайды және халықпен ақшалай есеп айырысуды жүзеге асырмайды.
"Алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінуге кеңес береміз. Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық Банктің Байланыс орталығына хабарласуға болады", - делінген хабарламада.