86,5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие: Алматы кәсіпкерлеріне жағымды жаңалық айтылды
Фото: freepik
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі 2026 жылғы 6 тамызда мәлімдегендей, бір қарыз алушыға берілетін несиенің ең жоғары сомасы – 86,5 млн теңге. Инвестициялық мақсаттарға берілетін несие мерзімі – жеті жылға дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға – үш жылға дейін.
Жылдық 6% мөлшерлемемен (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 6,2%-дан 6,6%-ға дейін) несие:
- арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлерге;
- әлеуметтік кәсіпкерлерге;
- Алматы индустриялық аймағы мен шағын өнеркәсіптік парктердің резиденттеріне;
- шағын өнеркәсіптік парктер салу, жәрмеңкелер мен гастрономиялық көшелер ұйымдастыру, шығармашылық орталықтар мен коворкинг орталықтарын ашу, креативті индустрияны дамыту және инновациялық бизнеске арналған инфрақұрылым құру жобаларын іске асыруға беріледі.
Шағын және орта бизнестің өзге жобалары жылдық 9% мөлшерлемемен қаржыландырылады. Бұл ретте жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9,5%-дан 9,9%-ға дейін болады.
Бағдарламада басымдық берілген салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлер жеңілдетілген несие ала алады.
Олардың қатарында:
- өндіріс;
- өңдеу өнеркәсібі;
- туризм;
- уақытша тұру бойынша көрсетілетін қызметтер;
- креативті және ақпараттық технологиялар саласы;
- мектепке дейінгі білім беру бар.
Сондай-ақ тізімге гастрономиялық көшелерді, Алматы тау кластерін дамыту және бірегей тұжырымдамасы бар нысандарды, оның ішінде қазақ ұлттық тағамдарын ұсынатын орындарды ашу аясында жүзеге асырылатын қоғамдық тамақтану жобалары енгізілді.
Бағдарламаға қатысудың негізгі шарттарының бірі – кәсіпкерлік қызметті Алматы қаласының аумағында жүргізу.
Жеңілдетілген несие беру шарттары туралы толық ақпаратты +7 (727) 390-80-42 телефоны немесе mfoalmaty.kz сайты арқылы білуге болады.
2026 жылғы 5 маусымда Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға дейін төмендетті. Осыдан кейін екінші деңгейлі банктер несие өнімдерінің құнын қайта қарай бастады. Ал 24 шілдеде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да төмендетіп, 16,75% деңгейінде белгіледі. Соның нәтижесінде несиенің кейбір түрлері арзандады.