Қазақстанда ұшқыштардың жалақы талабы 2,4 млн теңгеге жетті
Сурет: pixabay
Маусыммен салыстырғанда шілдеде бос жұмыс орындарының саны 3,8%-ға азайған. Бұл жаз мезгіліндегі еңбек нарығының маусымдық ерекшелігімен байланысты. Осы кезеңде оқу орындарының түлектері еңбек нарығына белсенді шығып, жұмыс іздеушілер саны артады.
Жұмыс күшіне сұраныс ең жоғары болған сала – білім беру. Мұнда 23,4 мың бос жұмыс орны жарияланған.
Сондай-ақ бос жұмыс орындары:
- өзге қызметтер көрсету саласында – 16 мың;
- денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 10,3 мың;
- ауыл, орман және балық шаруашылығында – 8,2 мың;
- өңдеу өнеркәсібінде – 6,8 мың;
- құрылыста – 5,7 мың.
Өңірлер бойынша ең көп бос жұмыс орны Астана қаласында – 8,8 мың. Одан кейін Түркістан облысы – 7,6 мың, Павлодар облысы – 7,1 мың, Алматы қаласы – 7 мың және Ақмола облысы – 6,9 мың.
Шілдеде жарияланған түйіндемелердің 54%-ы 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі. 35–44 жастағылардың үлесі – 25%, 45–54 жастағылар – 14%, ал 55 жастан асқандар – 7%.
Гендерлік құрам бойынша түйіндемелердің 57%-ын әйелдер, 43%-ын ерлер орналастырған.
Біліктілік деңгейі бойынша түйіндемелердің 38%-ы орта деңгейдегі мамандарға, 38%-ы жоғары білікті мамандарға, 24%-ы төмен біліктілікті жұмыс іздеушілерге тиесілі.
Ең жоғары жалақыны кімдер күтеді
Шілдеде жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторы лауазымына ұсынған – шамамен 1,12 млн теңге.
Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инженер-инспекторға шамамен 910 мың теңге, маркетинг пен өнімді өткізу бөлімінің бастығы орынбасарына шамамен 900 мың теңге ұсынылған.
Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақыны ұшқыштар күткен – шамамен 2,39 млн теңге. Стюардессалар шамамен 1,43 млн теңге, электр станциясының бастығы лауазымына үміткерлер шамамен 1,32 млн теңге жалақы күткен.
Жалпы, 2026 жылдың басынан бері Enbek.kz платформасында 709 мың бос жұмыс орны және 877,2 мың түйіндеме жарияланған.