"Қауіпсіз шотқа" ақша аудартқан: БҚО-да электр есептегішін сылтауратып, әйелді алдаған
Фото: Zakon.kz
Алаяқтар телефон арқылы хабарласып, өздерін электр желілік компанияның қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар әйелге электр есептегішін тексеру үшін өтінім рәсімдеу қажет екенін айтып, ұялы телефонына келген SMS-кодты сұраған.
Әйел алаяқтарға сеніп, растау кодын айтып берген. Біраз уақыттан кейін қылмыскерлер қайта хабарласып, аталған кодты үшінші тұлғалар иемденгенін және оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан.
Одан кейін алаяқтар ақшасын "сақтап қалу" үшін әйелдің өз атына несие рәсімдеп, алынған қаражатты "қауіпсіз шотқа" аударуын талап еткен. Нәтижесінде тұрғын ірі көлемдегі қаржысынан айырылған.
Полиция мұндай жағдайда SMS арқылы келген кодтарды ешкімге айтпауға, банк картасының деректері мен жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеуге шақырды.
Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, электрмен жабдықтаушы ұйымның ресми байланыс нөміріне өзіңіз хабарласқан жөн. Сондай-ақ "қауіпсіз" немесе "қорғалған" шотқа ақша аударуды ұсынатындардың барлығы алаяқтар болуы мүмкін.
Өз кезегінде "Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы" ЖШС телефон арқылы электр есептегіштерін ауыстыруды келіспейтінін, SMS-кодтарды ешқашан сұрамайтынын және телефон немесе мессенджер арқылы есептегіш ауыстыруға кезек құрмайтынын мәлімдеді.
Электр есептегіштеріне қатысты сұрақтар туындаған жағдайда компанияның Электр энергиясын бақылау және есепке алу департаментіне 54-50-86 немесе 54-48-11 нөмірлері арқылы хабарласуға болады.