"Қаным армян болғанымен, жаным қазақ": Атыраулық мектеп оқушысы Абай шығармаларын әлемге насихаттауда
Сурет: Изабелла Галстянның жеке мұрағатынан
Изабелла Галстянның айтуынша, көпшілік оның Абай әндерін орындап, өлеңдерін жатқа айтатынына таңданысын жасырмайды. Армян қызы Атыраудағы мектепте қазақ тілін жетік меңгерген, ал ұлы ойшылдың мол мұрасы оның тілге, мәдениет пен қазақ тарихына деген сүйіспеншілігінін оятқан.
Галстяндар отбасы түп тамырын сақтап, ұлттық дәстүрлерін қастер тұтады. Өз арасында ана тілдерінде сөйлеп, мерекелерін дәстүрлі түрде атап өтеді. Соған қарамастан, қазақ халқының бай мәдение мұрасына деген құрметі ерекше. Ел эстрадасының жарық жұлдыздарының әнін тыңдап, жазушыларымыздың шығармаларын үздік оқиды. Олардың арасында Абай шығармашылығының орны ерекше.
Осыдан 13 жыл бұрын отбасы Армениядан Атырауға көшіп келген. Ол кезде Изабелла небәрі үш жаста еді. Содан бері Атырау оның туған жеріндей болып кеткен. Осында балабақшаға барып, кейін Чехов атындағы №14 орта мектепке түсті. Биыл күзде оныншы сыныпқа өтеді. Изабелла вокалмен төрт жасынан, яғни 11 жылдан бері айналысып келеді.
"Бесінші сыныптан бастап қазақ тілін ерекше ынтамен оқи бастадым. Сол кезде бізге Айсана Қуанышкерейқызы деген жас қазақ тілі мұғалімі келді. Ол маған қатты ұнады, көп сөйлесетінбіз. Сол кезде қазақ тілін әлдеқайда жақсы білгім келетінін түсіндім. Бұл жолды жалғастыруыма қазақ тілі пәнінің тағы бір мұғалімі – Толғанай Шағыр көмектесті. Сонымен қатар өз бетімше де көп іздендім. Сөздік қорымды байыту үшін кітап оқыдым, мүмкін болған жерде тек қазақша сөйлесуге тырыстым", – дейді Изабелла.
Тілді меңгерумен бірге оның қазақ әдебиетіне деген қызығушылығы да арта түскен. Осы жолда ол қазақтың ұлы ақыны Абаймен танысқан.
"Мен үшін Абай – ұлы ақын әрі ойшыл ғана емес, шығармашылығы арқылы бізді жақсы адам болуға, білімге ұмтылуға және өзімізбен үнемі жұмыс істеуге шақыратын тұлға. Оның өлеңдерін жақсы көріп кеттім. Абайды оқыған сайын оның ойларының бүгінгі күнде де өзекті екенін түсінесің. Ол адал болуға, білімді болуға, адамдарды құрметтеуге және үнемі өзіңді жетілдіруге үйретеді. Оның шығармаларын тереңірек түсінгім келді. Кейін өзім де қазақ тілінде өлең жазғым келді", – дейді Изабелла.
Изабелла 2026 жылы Семейде, ұлы ақынның туған жерінде өткен XXVII республикалық "Абай оқулары" байқауына қатысқан. Финалдық кезеңде ол Абайдың "Мен бір жұмбақ адаммын", "Желсіз түнде жарық ай" және "Айттым сәлем, Қаламқас" шығармаларын орындаған.
"Мен үшін ең қиыны "Мен бір жұмбақ адаммын" әні болды. Бұл – мағынасы өте терең шығарма. Оны жай ғана жаттап алу жеткіліксіз. Әр жолын жүрекпен сезініп, Абайдың әр ойын түсіну керек", – дейді Изабелла.
Жасөспірім өзінің сегіз жастағы Эмиль және бір жасар Эдвин есімді екі інісіне үлгі болып, олардың да қазақ тілін үйренуіне ерекше үлесін қосып жүр.
"Көп адам біздің бойымызда қазақтың қаны бар деп ойлайды. Бірақ олай емес, мен – таза армянмын. Тек қазақтың мәдениетін, тілін және тарихын өте жақсы көремін. Әрдайым жаңа нәрсе білген қызық. Мен армянмын, бірақ жаныммен қазақпын", – дейді Изабелла жымиып.
2026 жылы Изабелла беделді республикалық "Абай оқулары" байқауының жеңімпазы атанды. Бұған дейін ол "Фариза оқулары" және "Қадыр Мырза Әлі оқулары" байқауларында жүлдегер атанып, екінші және үшінші орындарға ие болған.
2026 жылдың көктемінде мектеп оқушысының өнерін Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева да жоғары бағалады. Атырауда өткен концерттен кейін Изабелла әншімен жеке кездесудің сәтін тапқан. Роза Рымбаева жас армян қызының қазақ әндерін орындағанына таңғалып, оған жылы лебізін білдірген.
Бұған дейін Қазақстанда 2026 жылғы 10 тамызда ресми түрде алтыншы жыл қатарынан Абай күні аталып өтуде екенін жазғанбыз.

