Бес баласы мен несиесі болса да: 18 жастағы қазақстандық қыз әкесін сот арқылы алимент төлеуге міндеттетті
Фото: pexels
Соттың Telegram-арнасында жарияланған хабарламаға сәйкес, талап қоюшы Көкшетау қаласындағы Абай Мырзахметов атындағы университеттің 1-курс студенті екенін және күндізгі бөлімде ақылы негізде оқитынын айтқан.
Кәмелет жасына толғаннан кейін оған төленіп келген алимент тоқтатылған. Ал күндізгі бөлімде оқуына байланысты тұрақты табысы әрі жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Сонымен қатар оқу ақысы, тұру және басқа да қажетті шығындарды өзі көтеруге мәжбүр болған.
Әкесі талапты ішінара мойындаған. Ол қызына материалдық көмек көрсетуден бас тартпайтынын айтып, алайда өзінің материалдық және отбасылық жағдайын ескеруді сұраған.
Сот анықтағандай, жауапкер екінші некеде тұрады. Оның бес кәмелетке толмаған баласы, тұрақты жұмысы және несиелік міндеттемелері бар.
Сонымен қатар сот ата-аналардың балаларын асырауға міндеттері тең екенін ескерді.
Сот талап қоюшының ақылы негізде білім алып жатқанын және оқу кезеңінде өзін толықтай өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ екенін де назарға алған.
Сот шешімімен әкесінен қызының пайдасына оқу мерзімі аяқталғанға дейін, яғни 2028 жылғы шілдеге дейін ай сайын 17 АЕК мөлшерінде алимент өндірілетін болды. Бұдан бөлек, мемлекеттік баж да өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.