Бурабайда мас жүргізуші демалушыларды электр автобусымен тасымалдаған
Фото: Zakon.kz
Салонда сол уақытта бес жолаушы болған.
Оқиға Бурабай кентіндегі Кенесары көшесінде болған. Патрульдік полиция қызметкерлері патрульдеу кезінде артқы габариттік шамдары қосылмаған серуендеу электр автобусына назар аударып, көлікті тоқтатқан.
Тексеру барысында салонда бес жолаушы отырғаны анықталды. Олардың барлығы жергілікті демалыс үйлерінің бірінен келе жатқан.
Жүргізушімен сөйлесу кезінде полицейлер одан алкогольдің иісін сезген. Осыған байланысты ер адам медициналық куәландыруға жіберілді. Алғашында ол жеке мәліметтерін айтудан бас тартқанымен, кейін медициналық тексеруден өтуге келісті.
Куәландыру нәтижесінде жүргізушінің орташа дәрежеде алкогольдік мас күйінде болғаны анықталды. Сонымен қатар оның бұған дейін көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Жүргізушінің айтуынша, ол демалыс орындарының бірінде тағылымдамадан өтіп жүрген және таныстарын курорттық аймақ бойынша алып жүру үшін электр автобусына отырған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Жүргізушіге қатысты заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Полиция кәсіпкерлерді, әсіресе демалыс орындары мен туристік нысандардың өкілдерін қызметкерлерді жұмысқа қабылдау кезінде олардың құжаттары мен мәліметтерін мұқият тексеруге шақырады.