Шымкентте Абай әлеміне арналған мерекелік концерт өтті
Сурет: Шымкент қаласы әкімдігі
Шымкент қаласының өнер ұжымдары мен танымал орындаушылары қала тұрғындары мен қонақтарына Абайдың халық сүйіп тыңдайтын музыкалық туындыларын шырқап, арнайы дайындалған концерттік бағдарлама ұсынды.
Іс-шараның мақсаты – хакімнің шығармашылығын кеңінен насихаттау, көркем әдебиетті, поэзияны, әндерін сүйіп тыңдайтын қала тұрғындарының рухани танымын кеңейту, театр құндылықтарын көрсете отырып көрермендер қатарын арттыру.
Кеш барысында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының шығармашылығынан әндер орындалды.
Атап айтқанда, Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы қазақ дарама театрының әртістері "Абай ауылы" прологын көркем түрде көрсетіп, "Шымкент концерт" концерттік ұйымы және Шымкент қалалық опера және балет театрының әншілерінің орындауында Л.Хамиди, А.Жұбановтың "Абай" операсынан "Тойбастар", Хор әртістерінің орындауында "Қарлығаш" және Абайдың "Айттым сәлем Қаламқас", "Желсіз түнде жарық ай", "Көзімнің қарасы" т.б. әндері шырқалды.
Іс-шарада қала тұрғындар мен қонақтары хакімнің қара сөздері мен поэзиясынан қуат алып, керемет әсерге бөленді.
Абай мұрасы – өшпес қазына. Бүгін шаһарда ұлы ақын, ойшыл, Абай Құнанбайұлының бай рухани мұрасын дәріптеуге бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізіліп, мереке кең көлемде аталып өтті.
Айта кетсек, 10 тамызда елімізде Абай күні аталып өтеді. Ұлы ақын, ойшыл, ағартушы әрі композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай республика бойынша биыл 350-ден астам мәдени, ғылыми-танымдық, білім беру және спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Абай мұрасы әлемдік деңгейде кеңінен танылған. 1995 жылы ақынның 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Оның әдеби, философиялық және музыкалық мұрасы, білім, еңбек, әділет және адамгершілік туралы ой-тұжырымдары бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ.




