Солтүстік Аралға секундына 150 текше метрге дейін су жіберіледі
Сурет: gov.kz
Министрліктің мәліметінше, Солтүстік Аралды сақтау үшін кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында теңізге түсетін судың тұрақты көлемі қамтамасыз етілген.
2025 жылғы 1 қазаннан бері Сырдария өзені арқылы Солтүстік Аралға шамамен 1,2 млрд текше метр су жіберілген. Қазіргі вегетациялық кезеңде теңізге секундына 14 текше метр су түсіп жатыр.
Министрлік мәліметінше, вегетациялық кезең аяқталғанға дейін су жіберу көлемін біртіндеп секундына 100-150 текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,4 млрд текше метрді құрайды.
Солтүстік Аралды сақтау мақсатында су есебін автоматтандыру, Сырдария өзенінің бассейніндегі гидротехникалық нысандарды реконструкциялау сияқты бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар көршілес мемлекеттермен су ресурстарын бірлесіп басқару және тиімді пайдалану бағытындағы ынтымақтастық та арта түсуде.
Өткен жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасында трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылған. Бұл құжат он жылға созылған келіссөздердің нәтижесінде қабылданған, деп айтты Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Айта кетейік, 2026 жылғы 22 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арал теңізінің жағдайына қатысты алаңдаушылық білдіріп, оны сақтау үшін бірлескен іс-қимыл қажет екенін айтқан болатын. Президенттің сөзінше, Арал бассейніндегі экологиялық қауіптердің өсу қарқыны оларды азайту бағытында қабылданып жатқан шаралардың ауқымынан асып түседі.