Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істегіңіз келе ме: Қазақстандықтарға талаптар түсіндірілді
Сурет: Instagram/enbekgovkz
Ведомствоның мәліметінше:
"Үміткерлерді практикалық іріктеу Алматыда EPS орталығы ашылғаннан кейін басталады. Мұнда корей тілін білу деңгейін анықтайтын EPS-TOPIK тестілеуі, кәсіби дағдыларды бағалау, сондай-ақ Корея Республикасына аттанар алдында жұмысшыларды міндетті даярлау ұйымдастырылады. Іріктеу кезінде білім деңгейі, жұмыс тәжірибесі және кәсіби сертификаттар ескеріледі".
Еңбек министрлігінің мәліметінше, іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі. Оған 18 бен 39 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Үміткердің соттылығы, Корея Республикасына кіруге тыйымы немесе осы елден депортациялану фактісі болмауы, сондай-ақ Қазақстаннан шығуға шектеу қойылмаған болуы керек.
"Қажетті кезеңдерден сәтті өткен кандидаттар жұмыс іздеушілердің ресми тізіміне енгізіледі. Ол үшін жарамды төлқұжаттың болуы және медициналық тексеруден өту де талап етіледі". — ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі
Үміткердің профилінде оның білімі, кәсіби тәжірибесі, сертификаттары, тестілеу нәтижелері және жұмысқа орналасуға қатысты қалауы туралы мәліметтер көрсетіледі. Бұл жұмыс берушіге белгіленген іріктеуден өткен кандидаттардың арасынан қызметкер таңдауға мүмкіндік береді.
"Бұл ретте емтихан тапсыру және ресми тізімге енгізілу автоматты түрде жұмысқа орналасуды білдірмейтінін түсіну маңызды. Соңғы таңдауды тіркелген кандидаттардың арасынан кореялық жұмыс беруші жасайды". — ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі
Ведомство түсіндіргендей, EPS аясында Қазақстан азаматтарын жұмысқа орналастыру Корея Республикасы белгілейтін квоталар ескеріле отырып жүзеге асырылады.
"Кандидатты таңдағаннан кейін жұмыс беруші оған еңбек шартын жібереді. Оған қол қоймас бұрын қызметкерге еңбек жағдайлары, соның ішінде лауазымдық міндеттері мен жұмыс режимі егжей-тегжейлі түсіндірілуі тиіс. Шартқа қол қойғаннан кейін қызметкер еңбек шартының түпнұсқасын алады. Жолға шығар алдындағы дайындық – міндетті кезең. Оны Алматыдағы EPS орталығында өту қажет. Осыдан кейін жұмыс визасын рәсімдеу және жұмыс орнына аттану қарастырылған". — ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі
Еңбек министрлігінің мәліметінше, EPS аясында Корея Республикасында жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін болуы мүмкін. Заңда көзделген жағдайларда ол тағы бір жыл 10 айға дейін ұзартылуы мүмкін.
Белгіленген жұмыс мерзімін аяқтап, Қазақстанға өз еркімен оралған жұмысшылар үшін Корея Республикасына кейін қайта баруға қатысты неғұрлым қолайлы жағдайлар қарастырылған.
ЕХӘҚМ Корея Республикасында жұмыс істеуді жоспарлап отырған азаматтарға тек мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдардың ресми ақпаратын пайдалануға кеңес береді.
""Жұмысқа орналастыруға кепілдік береміз", іріктеуден жедел өткіземіз немесе белгіленген тәртіптен тыс кандидаттар тізіміне енгіземіз деп уәде беретін жеке делдалдарға құжаттарыңызды немесе ақшаңызды бермеңіз. Ешбір делдал жұмысқа орналасуға кепілдік бере алмайды, өйткені кандидат бойынша соңғы шешімді кореялық жұмыс беруші қабылдайды". — ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі
Сондай-ақ қазақстандықтарға тіркеудің басталу мерзімі, құжаттарды тапсыру тәртібі, EPS-TOPIK тестілеуін өткізу және іріктеудің басқа да кезеңдері туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми ресурстарында қосымша жарияланатыны хабарланды.
Анықтама
Employment Permit System (EPS) – Корея Республикасының шетелдік жұмысшыларды ұйымдасқан түрде тартуға арналған мемлекеттік жүйесі. Бұл жүйе аясында шетел азаматтары Корея заңнамасы мен тиісті мемлекетаралық рәсімдерде белгіленген талаптар негізінде жұмысқа орналаса алады.
Қазақстанды E-9 визасы бойынша жұмысшылар қабылдайтын елдер қатарына қосу туралы шешімді Корея Республикасының Үкіметі 2026 жылғы 14 тамызда Шетелдік жұмыс күші саясаты комитетінің 49-отырысында қабылдады.
Қазақстандық жұмысшыларды алғаш рет тарту қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін 2028 жылдан бастап күтіледі.
2026 жылғы 14 тамызда Қазақстанның Оңтүстік Кореяның EPS жүйесіне қатысушы елдер тізіміне ресми түрде енгізілгені белгілі болды. Осыған байланысты Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтар үшін Кореяға жұмысқа барудың жаңа заңды арнасы ашылғанын хабарлаған еді.