Алматы аулаларында шлагбаум орнату қиындай түсті
Сурет: karaganda.pulscen
Енді шлагбаум орнату аудан әкімдігімен келісілуге тиіс, ал құрылғы қауіпсіздік талаптарына сай болуы қажет. "КТК" мәліметінше, жаңа тәртіп арнайы қызмет көліктерінің аулаға кедергісіз кіруін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.
Бұған дейін қолданылып келген кілтпен ашылып-жабылатын металл шлагбаумдарды енді орнатуға тыйым салынады. Жаңа талап бойынша шлагбаум автоматты түрде ашылуы керек.
"Шлагбаум орнатудың бірыңғай тәртібі арнайы және коммуналдық қызметтердің кедергісіз өтуін қамтамасыз етеді. Тұрғындар шлагбаум орнату туралы шешімді кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне жататын жер учаскесінде ғана өздері қабылдай алады. Ол үшін үй-жай иелерінің үштен екісінен астамының келісімі қажет", – деп түсіндірді Алматы қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы.
Алайда тұрғындардың келісімі жеткіліксіз. Шлагбаум орнату үшін аудан әкімдігінің рұқсатын алу қажет. Ал егер аула арқылы көлік қозғалысы өтетін болса, мәселені қарауға өртке қарсы қызмет мамандары да тартылуы мүмкін.
Шлагбаумды талапқа сай орнатпаған тұрғындарға айыппұл салынуы ықтимал.
"Абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін аула тұрғындарына 86 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін", – деп ескертті алматылықтарға.
Бұдан бөлек, Алматыда бір пәтерге тіркеуге болатын адамдар санына шектеу енгізу ұсынылды.