Алматыда 670 сайлау учаскесі дауыс беруге дайын
Сурет: Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
23 тамызда қалада 670 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Оның 597-сі азаматтардың тұрақты тіркелген жері бойынша, ал 73-і уақытша болатын орындарда ұйымдастырылған.
Қалада барлығы тоғыз аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс істейді: бір қалалық және сегіз аудандық. Дауыс беруді ұйымдастыруға 4658 учаскелік және 63 аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі жұмылдырылған. Жалпы сайлау процесін 4721 комиссия мүшесі қамтамасыз етеді.
Сайлауаралық кезеңде Алматыда жаңадан 17 сайлау учаскесі ашылды. Түгендеу қорытындысы бойынша қаладағы 670 учаскенің барлығы белгіленген талаптарға сай және қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар қаладағы 179 сайлау учаскесінде "электрондық үкімет" порталы арқылы азаматтардың тіркелген жері туралы мәліметтерді тексеруге мүмкіндік беретін онлайн-сервистер жұмыс істейді. Сайлаушылар тізімінен өзін таба алмаған азаматтар осы қызметке жүгіне алады. Мұндай жағдайда сайлаушы мекенжай анықтамасын алып, соның негізінде тиісті учаскедегі сайлаушылар тізіміне енгізіледі.
"Бұдан бөлек, Алматыдағы 41 сайлау учаскесінде тек дауыс беру күні жарамды болатын уақытша тіркеуді рәсімдеуге болады. Ол үшін жеке куәлікті немесе цифрлық құжатты көрсету қажет. Келесі күні уақытша тіркеу автоматты түрде жойылады", – деп еске салды сайлаушыларға.
Алматы қаласындағы сайлаушылар тізіміне барлығы 1 329 251 адам енгізілген.