Тоқаев: Цифрландыру мен жасанды интеллект халыққа қызмет етуі керек
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект Қазақстанның жаңа экономикалық моделінің маңызды бөлігі екенін айтты.
Бұл туралы Мемлекет басшысы журналистердің сұрағына жауап беру кезінде айтты.
Президенттің сөзінше, Қазақстан цифрлық мемлекет құрудың алғашқы кезеңінен өтіп, азаматтарға цифрлық қызметтер ұсынатын деңгейге жетті.
"Қазір көп шаруаны үйден шықпай-ақ шеше аласыздар. Бұрын мұның бәрін реттеуге уақыт жұмсап, табан тоздыруға тура келетін. Сондықтан цифрлық сервис көрсететін мемлекет ретінде қалыптасу қажет болды. Қазір келесі кезеңге қадам бастық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкіметке цифрландырудың алғашқы сатысында қалып қоймай, халықаралық деңгейде келіссөздер жүргізіп, жаңа технологияларды одан әрі дамыту міндетін жүктегенін атап өтті.
"Цифрландыру мен жасанды интеллект халыққа, еліміздің барша азаматына қызмет етуі керек", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе ауыл тұрғындары мен шаруалар үшін заманауи технологиялардың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, цифрлық технологиялар ауыл-аймақтан шықпай-ақ кәсіп жүргізуге мүмкіндік береді.
"Қарапайым тілмен айтқанда, смартфон – ермек үшін ұстап, ертеден кешке дейін TikTok-қа телміретін құрал емес. Смартфонмен ақша табуға болады. Мәселені осылай төтесінен қойған жөн. Әсіресе, бұл шаруаларға керек. Олар ауыл-аймақтан шықпай-ақ кәсібін жүргізуге заманауи технологияны пайдалана алады", – деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкімет алдағы уақытта осы бағыттағы міндеттерді іске асыратынын айтты.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript