Тоқаев Әлиевпен Құрылтай сайлауының нәтижесі жөнінде әңгімелеcті

Тоқаев Әлиевпен Құрылтай сайлауының нәтижесі жөнінде әңгімелеcті, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.08.2026 18:24 Сурет: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевпен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ШЫҰ саммиті аясында өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевке Қазақстандағы ауқымды саяси реформалар мен алғашқы бір палаталы Құрылтай сайлауының нәтижесі жөнінде әңгімеледі. Мемлекет басшысы елдің саяси өміріндегі аталған тарихи уақиға жан-жақты жаңғыру жолындағы маңызды кезең саналатынын атап өтті. Президент Құрылтай сайлауының өтуіне байланысты білдірген жылы лебізі, сондай-ақ Әзербайжан өкілдерінің байқаушылар миссиясы құрамындағы белсенділігі үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.

"Еліміздің тарихында бұл сайлау тұңғыш рет халықаралық ұйымдар тарапынан бірауыздан оң бағаға ие болды. Құрылтай Әзербайжан Парламенті – Милли Мәжіліспен белсенді жұмыс істеуге ниетті. Мен өз тарапымнан осы бағыттағы ынтымақтастықты барынша қолдаймын. Мемлекетаралық қарым-қатынас ойдағыдай дамып келеді. Өзара ықпалдастыққа қатысты негізгі мәселелерді ұдайы назарда ұстаймын. Осы орайдағы байланыстарға көңіл толады. Бұл жетістіктің негізгі қозғаушы күші – мемлекеттер басшыларының ерік-жігері екені сөзсіз", – деді Президент.

Ильхам Әлиев Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың ауқымы мен мән-маңызына тоқталды. Әзербайжан Президенті елдеріміз арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

"Шын мәнінде, қарым-қатынасымыз табысты ілгерілеп, одақтастық сипатқа ие болды. Күн өткен сайын нақты мазмұнмен толығып келеді. Құрылтай сайлауының табысты өтуі және Қазақстан халқының қолдауы Сіздің реформаларыңыз бен бастамаларыңызды қоғам дұрыс қабылдайтынын көрсетеді", – деді Ильхам Әлиев.

Әңгімелесу кезінде сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастық мәселелері, сондай-ақ көлік, логистика, энергетика және цифрландыру сияқты түрлі саладағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысы қарастырылды.

Кездесу соңында тараптар алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін талқылады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: