Қазақстанда жолбарыс санын көбейту жоспары белгілі болды
Сурет: gov.kz
Бұл туралы "Амур жолбарысы" орталығының бас директоры Сергей Арамилев мәлімдеді.
Ол 1 қыркүйекте ТАСС-қа берген сұхбатында ол аталық жолбарысты табиғатқа жіберу туралы шешім аналық жолбарыс Үмітті бақылау нәтижесіне қарай қазан айында қабылданатынын айтты.
Орталық басшысы бағдарламаны жүзеге асыру үшін екі ұрғашы және екі аталық Амур жолбарысы таңдалғанын еске салды. Олардың бір жұбы – 3-4 жастағы ересек аталық пен ұрғашы, ал екінші жұбы – 6-7 айлық екі жолбарыстың төлі. 2026 жылғы тамызда Қазақстанның жабайы табиғатына алғашқы ересек ұрғашы жолбарыс жіберілді.
"Амур жолбарыстарын Қазақстанға жіберу – біз алғаш рет жүзеге асырып отырған ғылыми эксперимент. Бастапқыда тамыз айында ұрғашы жолбарыс жіберілді, қазір біз оны бақылап отырмыз. Қазан айына қарай қорытынды жасап, аталық жолбарысты жіберу-жібермеу туралы шешім қабылдаймыз", – деді Сергей Арамилев Шығыс экономикалық форумында.
"Амур жолбарысы" орталығының бас директорының айтуынша, бастапқыда аталық және ұрғашы жолбарысты бірге жіберу жоспарланған. Алайда кейін тек ұрғашысын жіберу туралы шешім қабылданған. Оның түсіндіруінше, жаңа аумақта тіршілік етуге ұрғашы жолбарыстар тезірек бейімделеді.
"Ұрғашы жолбарыс өзіне тиесілі аумақты қалыптастырған бойда, оған аталықты жібереміз. Егер ұрғашы жолбарыс аталыққа ұнаса, ол онымен бірге қалып, қарым-қатынасын жалғастырады. Егер ұнамай қалса, басқа ұрғашыны іздеп кетеді", – деді Сергей Арамилев.
Оның айтуынша, аталық пен ұрғашы жолбарыс арасында қақтығыс болмайды.
Қазақстан аумағында жойылып кеткен 70 жылдан астам уақыттан соң алғаш рет жабайы табиғатқа Амур жолбарысы жіберілді. Тарихи оқиға 2026 жылғы 31 шілдеде "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватының аумағында болды. Жабайы табиғатқа Үміт есімді ұрғашы жолбарыс жіберілді.