Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-логистика ынтымақтастығы туралы айтты

Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-логистика ынтымақтастығы туралы айтты, сурет - Zakon.kz жаңалық 25.09.2026 13:40 Cурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлем экономикасы түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде Қазақстан мен Қытай өзара сенім, ашықтық және ортақ мүддеге негізделген ынтымақтастық үлгісін көрсетіп отырғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Ақорданың Telegram-арнасында жарияланды.

Президент екі елдің серіктестігін одан әрі дамытуға арналған басым бағыттарға тоқталды. Соның бірі – көлік-логистика саласы.

Халықаралық серіктестермен бірге теміржол қуатын арттырып, автомобиль магистральдары мен теңіз порттарын кеңейтуді, жүк тасымалы авиациясын және шекара маңы инфрақұрылымын дамытуды қолға алдық. Ляньюньганнан Ақтауға дейін Қытай жағалауын Каспиймен байланыстыратын логистикалық тораптар желісі қалыптасты. Көп ұзамай Ченду қаласындағы қазақ-қытай терминалы осы логистикалық тізбектің маңызды буынына айналады. Аталған шаһарда Қазақстанның Бас консулдығын ашуды жоспарлап отырмыз. Азия мен Еуропа арасындағы заманауи көлік байланысын түзетін Орта дәлізді өркендетуді айрықша міндет деп санаймыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев форумға транзит айлақтарының өткізу мүмкіндігін кеңейту жұмыстарына белсенді атсалысып жатқан компаниялар қатысып отырғанын айтты.

Президенттің мәлімдеуінше, болжам бойынша 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлі пойыздардың саны үш мыңға дейін ұлғаяды. Бұл Қазақстанның жаһандық логистика тізбегіндегі маңызды көлік хабтарының бірі ретіндегі позициясын күшейтеді.

Бірқатар бірлескен бастамалар қазірдің өзінде нақтылана түсті. Биыл тамыз айында Арал – Каспий автомагистралінің құрылысы басталды. Жаңа бағдар Шығыс – Батыс жолының өткізу қабілетін бірнеше есе арттырады. Таяу уақытта Мойынты – Қызылжар, Бақты – Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады. Жүк тасымалының ашықтығын "Ақылды шекара" пилоттық жобасы аясында бірлесе енгізілген цифрлық технологиялар қамтамасыз етеді. Қытайлық Minmetals Logistics корпорациясымен серіктестік аясында жүргізушісіз көлік технологияларын және цифрлық шешімдерді қолданатын логистика дәлізі түзіледі. Бұл – біздің еліміз үшін бірегей жоба. Мультимодальді жүк тасымалын дамытуға ерекше мән береміз. Alatau Air Cargo ұлттық авиа жүк жеткізуші компаниясы жұмысын бастады. Қазақстан нарығына Cathay Pacific Cargo секілді әлемнің жүк таситын ірі әуе компаниялары шығып жатыр. Азаматтық авиация да маңызды рөл атқарады. Биыл Алматы – Сиань, Алматы – Шанхай, Астана – Гуанчжоу, Ақтау – Үрімжі рейстері ашылды. Осы аптада алғашқы жолаушылар бағдары Алматы мен Чунцин қалаларын тікелей байланыстырды, – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, көлік инфрақұрылымын дамыту және жаңа логистикалық бағыттарды қалыптастыру Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: