Алматыда жыл басынан бері 52 нысан бұзылды
Сурет: Алматы әкімдігі
Құрылыс жұмыстары басталған сәттен бастап нысан пайдалануға берілгенге дейінгі барлық кезең бақылауда болады.
Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда заңсыз салынған 52 нысан толық немесе ішінара бұзылған.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, 2026 жылы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексінің күшіне енуіне байланысты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалау тетіктері де өзгерді.
Бұған дейін жеке тұрғын үй құрылысына жеңілдетілген тәртіп қолданылып, мұндай нысандар басқа құрылыс нысандары секілді толық бақылаумен қамтылмайтын. Жаңа заңнама бұл талаптарды өзгертті. Енді рұқсат беру рәсімдеріне, құрылыс алдындағы және жобалық дайындыққа қойылатын талаптар жаңартылды.
Қалада нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысын қарастырмайтын жер телімдерінде тұрғын үй салу фактілері кездеседі.
"Жер телімінің болуы онда кез келген мақсаттағы немесе кез келген параметрдегі нысанды салуға автоматты түрде құқық бермейді. Құрылыс жер телімінің нысаналы мақсатына, қала құрылысы регламенттеріне және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес болуға тиіс", – деді Қала құрылысын бақылау басқармасының өкілдері.