Алматының қуыршақ театры республикалық фестивальде үздік атанды

2026 жылы 25-30 қыркүйек аралығында Павлодарда өткен "Ертіс-Баян" II республикалық театрлар фестивалінде Алматы қаласының Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры қазылар алқасының шешімімен "Үздік ансамбль" номинациясының жеңімпазы атанды. , сурет - Zakon.kz жаңалық 02.10.2026 10:07 Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
2026 жылы 25-30 қыркүйек аралығында Павлодарда өткен "Ертіс-Баян" II республикалық театрлар фестивалінде Алматы қаласының Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры қазылар алқасының шешімімен "Үздік ансамбль" номинациясының жеңімпазы атанды.

Бұл туралы Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілдері хабарлады.

Еліміздің түрлі өңірлерінен, атап айтқанда Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Жезқазған, Қарағанды және Павлодар қалаларынан 11 таңдаулы театр ұжымы қатысқан өнер додасында қуыршақ театры әйгілі жазушы Николай Гогольдің белгілі шығармасы негізінде сахналанған "Шекпен" спектаклін ұсынып, көрермендер мен театр саласы мамандарының ыстық ықыласына бөленді.

Фестиваль Павлодар тұрғындарына қазақстандық театр өнерінің үздік туындыларымен танысуға мүмкіндік беріп, театр ұжымдары арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға және кәсіби тәжірибе алмасуға жол ашты. Биыл Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры ұйымдастырған фестиваль белгілі режиссер, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпеновтің 80 жылдығына орай өткізілді.

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры халықаралық және республикалық сахналарда жаңа шығармашылық бағыттарды дамыту мен танытуды, сондай-ақ ұжымның кәсіби әлеуетін арттыруды маңызды міндеттерінің бірі санайды. Осы фестиваль аясында театр буллинг, адамның ішкі қайшылықтары мен қоғамдағы әділетсіздік мәселелерін қозғайтын, мейірімділікке, жанашырлыққа, өзара қолдау мен көмекке үндейтін "Шекпен" спектаклін ұсынды.

Қойылым 2024 жылы Грузиядан арнайы шақырылған режиссер Николоз Сабашвилидің жетекшілігімен сахналанды. Бұған дейін спектакль Халықаралық театр сыншылары қауымдастығының "Сыншылар жүлдесіне" "Қуыршақ театрының жыл спектаклі" номинациясы бойынша ие болып, сондай-ақ Халықаралық "Ортеке" қуыршақ театрлары фестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алған.

"Ертіс-Баян" II республикалық театрлар фестивалі барысында қуыршақ театры артистерінің сахнадағы үйлесімді ойыны, қуыршақтарды жүргізудегі кәсіби шеберлігі, актерлік өнері, хореографиясы, декорация мен реквизиттің қолданылуы, сондай-ақ жарық пен дыбыстың көркемдік шешімі көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Қойылым қазылар алқасы тарапынан да жоғары бағаланып, фестиваль қорытындысы бойынша театр ұжымы "Үздік ансамбль" номинациясының жеңімпазы атанды.

"Спектакльді көріп, ерекше әсер алдым. Әріптестеріме ризамын. Бүкіл ұжым бір адамдай жұмыс істеді. Режиссердің талаптары мен қойылымдағы әрбір детальды көрерменге дәл жеткізе білгендеріне тәнті болдым. Жалпы, қуыршақ театрының артистері бір мезетте бірнеше міндетті қатар атқара алады. Бұл да үлкен еңбекпен келетін шеберлік", – деді белгілі қазақстандық актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: