Сенаттың бұрынғы депутаты Көлік министрлігіне қызметке тағайындалды
Сурет: gov.kz
Бұл туралы 2026 жылғы 5 қазанда ҚР Көлік министрлігі хабарлады.
"Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы бұйрығымен Нұғманов Амангелді Шайхоллаұлы комитет төрағасының орынбасары болып тағайындалды", – делінген хабарламада.
Амангелді Нұғманов 1967 жылғы 3 сәуірде Ақтөбе облысында дүниеге келген. Ақтөбе ауыл шаруашылығы техникумын, "Қайнар" университетін үздік бітірген. Сондай-ақ Венгриядағы Будапешт қаласында орналасқан Құқық қорғау органдарының халықаралық академиясында және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алған.
Еңбек жолын ауыл шаруашылығы өндірісі саласында бастаған. Кеден органдары жүйесінде инспектордан бастап аумақтық департаменттердегі басшылық қызметтерге дейін көтерілді. Әр жылдары Астана, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды және Павлодар облыстары бойынша кедендік бақылау департаменттерін басқарды.
2010-2012 жылдары "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ басқарма төрағасының басқарушы директоры – басқарма мүшесі қызметін атқарып, корпоративтік байланыстар, инвестиция тарту, құқықтық және кадрлық қамтамасыз ету мәселелеріне жетекшілік етті.
Кейін Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы, Астана және Ақтөбе облыстары бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменттерінің басшысы, Ақтөбе облысы әкімінің аппарат басшысы, сондай-ақ Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы қызметтерін атқарды.
2023 жылғы 25 қаңтардан 2026 жылғы 1 шілдеге дейін ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды.
Еске салайық, бүгін, яғни, 5 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар өкімге қол қойды. Оған сәйкес, Айтқұрман Омарбеков Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы, Азамат Хасенов Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы, ал Азамат Есқараев ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімі меңгерушісі болып тағайындалды.