Тоқаев ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды
Фото: akorda.kz
Бұл туралы Мемлекет басшысы Достастықтың халықаралық беделін нығайту және жаңа геосаяси жағдайға бейімдеу қажеттігін айта отырып мәлімдеді.
Президенттің пікірінше, ТМД-ның ұзақмерзімді басымдықтарын айқындап, бұған дейін қабылданған бағдарламалар мен құжаттарды біртұтас жүйеге біріктіру қажет.
"Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын дамыту тұжырымдамасы 2007 жылы бекітіліп, алты жыл бұрын жаңартылған еді. Одан кейін қабылданған бағдарламалар мен құжаттар көбіне белгілі бір салаға қатысты болды. Сондықтан олар көбіне бір-бірімен сәйкеспейді. Олардың бәрін біріктіріп, өзара байланысты біртұтас жүйе түзген жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы ТМД Атқарушы комитетіне мүше мемлекеттердің үкіметтерімен бірлесіп, 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды.
Президент атап өткен негізгі басымдықтардың қатарында экономика, энергетика, инфрақұрылым, озық технологиялар және адам капиталы бар.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұндай тәсіл мемлекеттердің орнықты дамуға бағытталған іс-қимылдарын үйлестіруге және ортақ мақсаттарға жүйелі түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді.
ТМД елдерімен сауда айналымы 40 млрд долларға жуықтады
Мемлекет басшысы экономикалық ықпалдастықты тереңдету және индустриялық-технологиялық серіктестікті дамыту маңызды екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстан сыртқы саудада ТМД елдерінің нарығына басымдық береді. Еліміздің сыртқы сауда айналымының төрттен астамы Достастыққа мүше мемлекеттердің үлесіне тиесілі.
"Өткен жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдерімен сауда айналымы 40 миллиард долларға жуықтады, ал биылғы жеті айда 10 пайызға өсті", – деді Президент.
Сонымен қатар Қазақстанның ТМД елдерімен бірлескен өндіріс саласындағы ынтымақтастығы туралы мәлімет берді.
Мәселен, Ресейдің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан қазақстандық өнеркәсіп жобаларының портфелінде жалпы құны 61 млрд доллар болатын 178 жоба мен бастама бар. Оның 124-і іске асырылған.
Өзбекстанмен құны шамамен 2 млрд доллар болатын 80 жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал Беларусьпен арнайы және ауыл шаруашылығы техникасын бірлесіп өндіру жолға қойылған.
Президенттің пікірінше, экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту ТМД елдері арасындағы ықпалдастықты тереңдетуге ықпал етеді.