Оралда ер адам дәріханалардан танометр ұрлаған
Сурет: polisia.kz
Жуырда Орал қаласындағы дәріханалардың бірінде ұрлық оқиғасы болды. Белгісіз ер адам медициналық бұйымдардың ашық әрі қолжетімді жерде тұрғанын пайдаланып, сатушының басқа тұтынушыға дәрі іздеп жатқан сәтін пайдаланып, сөреде тұрған тонометрді білдіртпей пакетіне салып алған. Кейін өз әрекетін жасыру мақсатында өзін "тәртіпті" клиент ретінде ұстап, кезегі келгенде қажетті дәрі-дәрмегінің ақшасын төлеп, шығып кеткен.
Мұнымен тоқтамай, ол кейін қаладағы келесі дәріханаға кіріп, дәл осы әдіспен тағы бір тонометрді жымқырып үлгерген.
Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы дереу анықталып, қолға түсті. Ол Орал қаласының 50 жастағы тұрғыны болып шықты.
Тексеру барысында ұсталған азаматтың бұдан бұрын да ірі сауда үйлеріндегі бутиктерге кіріп, тура осы тәсілмен киім-кешек ұрлағаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Осы ретте полиция қызметкерлері сауда нысандары мен дәріхана иелеріне бейнебақылау камераларын орнатуды, тауарлар мен қымбат медициналық құралдарды қараусыз қалдырмау қажет екенін ескертеді.