"Теңіз деңгейі 20 метрге дейін төмендеуі мүмкін": Қазақстан аумағындағы Каспийде жаңа аралдар пайда болды
Фото: primeminister.kz
"Жетінші арна" мәліметінше, Каспий теңізінің тартылып бара жатқанын ғалымдар ғана емес, Ақтау тұрғындары да күнделікті байқап жүр.
Зерттеу деректеріне сәйкес, соңғы 30 жылда теңіз деңгейі шамамен 1,5 метрге төмендеген. Мамандардың болжамынша, су деңгейі тағы 8–14 метрге түсуі мүмкін. Соның салдарынан теңіз ортасында жаңа аралдар пайда болып жатыр.
Хабарланғандай, Құлалы аралы маңындағы акваторияны әуеден түсіру кезінде құрлықтың тағы бір бөлігі анықталған.
"Каспий тартылып барады, ал жаңа аралдардың пайда болуы – су деңгейінің төмендеуінен туындаған көзге көрінетін салдардың бірі. Каспий маңы мемлекеттері бірлесіп әрекет етуі, ғылыми мониторинг жүргізуі, өзен суларын ұқыпты пайдалануы және өзен атырауларын сақтауы қажет. Қазақстан қазірдің өзінде ластануды азайтып, ағынды суларды тазарту сапасын жақсартып, балықтар мен итбалықтардың мекен ету ортасын қорғауы керек", – деді тәуелсіз эколог Кирилл Осин.
Қазақ теңізін зерттеу ғылыми-зерттеу институтының мамандары да алдағы онжылдықтарда Каспий деңгейі айтарлықтай төмендеуі мүмкін екенін болжайды.
"Ғалымдарымыздың зерттеулерінен бөлек, шетелдік мамандардың деректеріне сүйенсек, ең оптимистік болжам бойынша теңіз деңгейі орта есеппен тағы 2–4 метрге төмендеуі мүмкін. Ал пессимистік сценарий бойынша Каспий теңізінің деңгейі 20 метрге дейін төмендеуі ықтимал", – деді "Қазақ теңізін зерттеу ғылыми-зерттеу институты" КеАҚ бөлім басшысы Балжан Елбасиева.
Мамандардың пікірінше, Каспий теңізін сақтау үшін мемлекеттер бірлесіп әрекет етуі керек. Негізгі міндеттер – су деңгейінің өзгеруіне бейімделу, су ресурстарын тиімді басқару, биоалуантүрлілікті сақтау және жағалаудағы инфрақұрылымды жаңа жағдайларға бейімдеу. Бұл бағытта Каспий маңы мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайту да маңызды.
2025 жылғы мамырда Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі солтүстік бөлігінде жаңа арал пайда болғаны хабарланған еді. Оған атау беру мәселесі қарастырылған. Ресей Ғылым академиясының Мұхиттану институты бұл жаңалықты Каспий теңізінің тартылып бара жатқанының кезекті дәлелі ретінде бағалаған. Сол жылдың маусымында зерттеушілер жаңа аралдың пайда болу себептері туралы қосымша мәліметтер жариялады.
2026 жылғы 9 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий экологиялық саммитінде сөз сөйлеп, экологиялық қауіптің ауқымы туралы айтты. Сондай-ақ ол Каспийді сақтау үшін мемлекеттерді бірлесіп әрекет етуге шақырды.