Дипфейк арқылы алматылықтың атына банкте төрт шот ашып, олар арқылы 36 млн теңге айналым жасаған

Хакеры, программисты, кибербезопасность, мошенничество, мошенники, защита данных, взлом данных, личные данные, персональные данные, защита персональных данных, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.10.2026 14:57 Фото: freepik
Алаяқтар алматылық әйелдің жеке деректері мен дипфейк-бейнесін пайдаланып, оның атына төрт виртуалды банк шотын ашқан. Алты күн ішінде бұл шоттар арқылы 36 миллион теңгеге жуық қаражат өткен, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл жағдай клиентті сәйкестендіру кезінде анықталған. Алайда зардап шеккен компаниялардың бірі әйелден 3 миллион теңгеден астам қаражатты қайтаруды талап етіп отыр. Ал алматылық тұрғын шоттарды өзі ашпағанын және өзгенің ақшасына билік жүргізбегенін айтады.

Зухра Валиева өзінің атына банкте виртуалды шоттар ашылғанын биыл жазда бейтаныс адам телефон шалып, ақшаны қайтаруды талап еткен кезде білген.

"Алдымен ол маған өте дөрекі сөйлеп, жақында саған аударған ақшамды қайтар деді. Ол қоңырау шалғаннан кейін маған тағы бір әйел хабарласты. Ол да қорқытып, жиһазға алдын ала төлем ретінде ақша жібергенін айтты", – деді әйел "Еуразия" бірінші арнасына.

Зухра бірден банкке жүгініп, шоттарды бұғаттауды талап еткен. Кейін банктің қауіпсіздік қызметі оған белгісіз адамдардың биометриялық тексеруден өту үшін пайдаланған бейнежазбасын көрсеткен. Болжам бойынша, алаяқтардың қолына оның жеке куәлігі түскен. Олар құжаттағы фотосуретті пайдаланып, әйелдің бейнесін жандандырған.

"Осы видеоны көргенде, шынымды айтсам, истерикалық күлкіге булықтым. Ондағы адам маған мүлде ұқсамайды. Кейбір белгілері ғана ұқсайды, бірақ шашы менікі емес, бетімдегі өзім білетін әжімдер де басқа. Үстімдегі киім де менікі емес. Қатты таңғалдым", – деп бөлісті әйел.

Зухра жүгінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жауабына сәйкес, 11-17 маусым аралығында оның атына ашылған шоттар арқылы 35 миллион 931 мың теңге өткізілген.

Реттеуші әйелдің нақты қатысуынсыз және келісімінсіз сәйкестендіру жүргізілгенін, ал банк клиентті тиісті деңгейде тексермегенін анықтаған. Банк оған ішкі тексеру жүргізілгенін және әйелдің уәждері ішінара расталғанын хабарлаған. Бірнеше қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, материалдар Алматы қаласының Полиция департаментіне жолданған.

Алайда Зухра Валиеваның полицияға, прокуратураға және банктің өзіне жасаған өтініштері әзірге нәтиже бермеген.

"Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасының талаптарын ескере отырып, өтініш берушіге келтірілген материалдық залал болмағандықтан, бұл іс қараусыз қалдырылды. Оған шоттарды жою үшін банкке жүгіну ұсынылды. Егер мәселе банк деңгейінде шешілмесе, өз құқықтарын қорғау үшін азаматтық тәртіппен сотқа жүгіну құқығы түсіндірілді", – деп мәлімдеді Алматы полициясы.

Оқиға кейін сотта жалғасын тапты. Ақтөбе қаласындағы компания Валиевадан алаяқтар ашқан шоттардың біріне аударған 3 миллион 200 мың теңгені қайтаруды талап еткен. Алатау қаласының соты бұл талапты қанағаттандырып, алынған қаражатты негізсіз баю деп таныған.

Зухра мен оның адвокаты апелляциялық шағым дайындап, шоттардың заңсыз ашылуына қатысты жеке сот талқылауын жүргізуді талап етіп отыр. Олардың айтуынша, құжаттарды зерделегеннен кейін тағы бір талап қоюшы әйелге қарсы талап арызын қайтарып алған.

19 қазанда полиция қазақстандықтарды мессенджерлерді бұзу және оларға қолжетімділіктен айырылуға әкелетін алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерткен болатын. Алаяқтар азаматтардан байқауға қатысып жатқан балаларға дауыс беруді сұрайды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: