Жеке сот орындаушылары құмар ойындарға 180 млн теңгеге жуық ақша жұмсаған
Фото: unsplash
Прокуратураның мәліметінше, Алматы облысындағы 20 жеке сот орындаушысы Olimpbet букмекерлік кеңсесіндегі шоттарын тұрақты түрде толықтырып, құмар ойындарға қатысқан. Операциялардың жалпы сомасы шамамен 180 млн теңгені құрады.
"Тексеру барысында жеке сот орындаушыларының бірі үш жыл ішінде ойын шотына 139 млн теңге, тағы бірі 26 млн теңге аударғаны анықталды", – делінген хабарламада.
Алматы облысының прокуратурасы қомақты қаражатты құмар ойындарға жұмсаған қоғамдық маңызы бар міндеттерді атқаратын тұлғалардың мұндай әрекеті кәсіби әдеп талаптарына қайшы келетінін және олардың адалдық қағидаттарын сақтауына күмән келтіретінін атап өтті.
Тексеру қорытындысы бойынша заңда көзделген шараларды қабылдау үшін Әділет департаменті мен Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына прокурорлық ден қою актілері енгізілді.
Бұған дейін, 2026 жылғы 23 маусымда Қазақстанның оңтүстігінде мемлекеттік органдардың бірқатар қызметкері құмар ойындарға қатысқаны үшін жұмыстан шығарылғаны хабарланған еді.