Қазақстанның зейнетақы жүйесі: болашақ зейнеткерлер үшін нені өзгертпек
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Кездесуде болашақ зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігі мен зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері басты назарға алынды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрағасы Жанат Құрманов, сондай-ақ қаржы секторының сарапшылары Болат Жәмішев пен Елена Бахмутова азаматтардың зейнетақы құқықтарын нығайтуға, халықты зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейтуге және еңбек жолында көбірек зейнетақы жинағын қалыптастыруға мүмкіндік беретін тәсілдерді қарастырды.
"Талқылау барысында азаматтың болашақ зейнетақысын оның барлық құрамдас бөлігін – мемлекет төлейтін зейнетақы мен еңбек қызметі кезінде жиналатын қаражатты ескере отырып қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жұмысшы мен жұмыс берушінің тұрақты жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын ұлғайтуға және халықты зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейтуге ықпал ететін тетіктер қарастырылып жатыр", – делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсыныстар әзірлеу кезінде зейнетақы жүйесіне ұзақ мерзімді әсер ететін негізгі факторлар да ескеріліп жатыр. Олардың қатарында демографиялық өзгерістер, өмір сүру ұзақтығының артуы, еңбек нарығының өзгеруі және халықаралық тәжірибе бар.
Жұмыс барысында актуарлық есептеулер мен болжамды бағалауларға да жеке бөлім арналды.