"Заң мен тәртіп" – Қазақстанның негізгі қағидаттарының бірі – Бектенов

Олжас Бектенов, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.10.2026 14:38 Фото: primeminister.kz
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов "Заң мен тәртіп" конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысын өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2026 жылғы 27 қазанда ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Заң мен тәртіп" қағидаты – мемлекетіміздің Конституция деңгейінде бекітілген негізгі ұстанымдарының бірі. Президент бірнеше рет атап өткендей, нағыз патриот – ең алдымен еңбекқор, білімді, заңды сақтайтын, тәртіпті қолдайтын, тазалықты бағалайтын және табиғатқа жанашырлықпен қарайтын адам. Сондықтан бәріміз осындай құндылықтарды мойындап, насихаттап, ілгерілетуіміз керек. Құқықтық тәртіп сақталмайынша, елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси және өзге де мақсаттарына қол жеткізу мүмкін емес", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

"Заң мен тәртіп" қағидаты заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Ал ведомствоаралық комиссияның міндеті – құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру.

Отырыста қоғамда "Заң мен тәртіп" идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасында көзделген іс-шаралардың орындалу барысы және құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары қаралды.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов тұжырымдаманың негізгі бес бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Ержан Сәденов, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.10.2026 14:38

Сурет: primeminister.kz

Бірінші бағыт – заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру және құқықтық сауаттылықты арттыру. Жыл басынан бері Қазақстанда қылмыс деңгейі 15%-ға төмендеп, қылмыстарды ашу көрсеткіші 5%-ға артқан. Сонымен қатар 13,7 млн әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілген.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық тәуекелдерін бағалаудың жаңа стандарты бойынша 58 мың адам тексеріліп, олардың 2 мыңы тәуекел тобына жатқызылған.

Жастарға құқықтық және патриоттық тәрбие беру мақсатында мектептерге 8 мың полиция қызметкері бекітілген. Қазіргі уақытта 267 "Жас сақшы" және 69 "Жас Бүркіт" сыныбы жұмыс істейді. Нәтижесінде жасөспірімдер жасаған 1,5 мыңнан астам қылмыстың жолы кесіліп, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың жалпы саны 9%-ға азайған.

Екінші бағыт – қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.

Қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті арттыру үшін бейнебақылау жүйесі кеңейтіліп жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елде 1,8 млн камера орнатылған. Оның ішінде 65 мың аула бейнебақылаумен қамтылған.

Осының нәтижесінде 13,8 мың қылмыс ашылып, 763 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілген. Қалалар мен аудан орталықтарында жедел басқару орталықтарының желісі де кеңейтіліп жатыр.

Үшінші бағыт – мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету.

Полиция халықпен өзара іс-қимылды күшейтіп келеді. Азаматтармен кездесулер өткізіліп, учаскелік инспекторлар тұрғындармен үй чаттары арқылы байланыс орнатқан.

Мобильді қосымшалар арқылы 138 мың өтініш келіп түскен. Оның 80 мыңы eGov және банк қосымшаларында қолжетімді "Заң мен тәртіп" сервисі арқылы жолданған.

Төртінші және бесінші бағыттар – заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілетуде азаматтық қоғаммен серіктестікті дамыту және азаматтық белсенділікті ынталандыру.

Құқықбұзушылықтардың алдын алуға волонтерлер мен қоғамдық көмекшілер тартылған. Олардың көмегімен 20 мың әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесіліп, 300 қылмыс ашылған. "Заң мен тәртіп" идеологиясын ілгерілетуге бизнес өкілдері де қатысып жатыр.

Қоғамдық қауіпсіздік жүйесін цифрландыру аясында полиция қызметкерлерін смарт-бейдждермен жабдықтау жалғасуда. Бұл құрылғылар олардың іс-қимылын жедел үйлестіруге және жасанды интеллект технологияларын қолдануға мүмкіндік береді.

Елде бейнеаналитика функциясы бар 51 мың камера жұмыс істейді. Жыл соңына дейін олардың санын 60 мыңға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар Ұлттық бейнемониторинг жүйесін құруға дайындық жүргізіліп жатыр.

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев заң мен тәртіп қағидатын ілгерілетуде құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, заңдылықты нығайтуға және жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылға басымдық берілетінін айтты.

Арман Қырықбаев, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.10.2026 14:38

Сурет: primeminister.kz

Елде азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңға құрметпен қарауды қалыптастыруға және құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған 500-ге жуық әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанның Азаматтық альянсымен бірлесіп, жалпыұлттық құндылықтарды, соның ішінде "Заң мен тәртіп" қағидатын ілгерілету жөніндегі республикалық жобалық кеңсе құрылған. Өңірлерде 20 жобалық кеңсе жұмыс істейді. Үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтарға шамамен 1 мың құқықтық кеңес беріліп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына волонтерлер мен еріктілер ұйымдары тартылған.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқушыларының құқықтық сауаттылығын арттыру және заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру шаралары туралы баяндады.

 Жұлдыз Сүлейменова, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.10.2026 14:38

Сурет: primeminister.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан "Адал азамат" конституциялық қағидаты аясында мектептерде "Таза Қазақстан", "Заң мен тәртіп", "Еңбек адамы", "Конституция негіздері" және "Жеке қауіпсіздік" курстары енгізілген. "Құқық негіздері" пәні де жаңартылған. Оқушылардың құқықтық білімін және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру жұмыстары мектептегі психологиялық ахуалды жақсарту шараларымен толықтырылған. 2026 жылдың тоғыз айында психологиялық қолдау орталықтары 17 мыңға жуық балаға және 9 мың ата-анаға көмек көрсеткен. Педагог-психологтардың біліктілігін арттыру мақсатында 21 мың әдістемелік іс-шара өткізілген. Буллингтің алдын алу үшін "ДосболLIKE" бағдарламасы жүзеге асырылып, 14 850 педагог даярланған және 70 оқыту іс-шарасы өткізілген.

Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов алдын алу шараларын күшейту нәтижесінде қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 14,6%-ға азайғанын хабарлады. Қоғамдық орындарда қылмыс деңгейі 22%-ға, көшелерде 20%-ға төмендеген.

Ерлан Өтегенов, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.10.2026 14:38

Сурет: primeminister.kz

Азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғау үшін Бас прокуратура мен "Қазақтелеком" АҚ бірлесіп "Антиколл-орталық" жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында 1,6 млн-нан астам алаяқтық қоңыраудың жолы кесіліп, 389 млн теңгеге 766 кредиттің рәсімделуіне жол берілмеген.

Алаяқтық фактілері 20%-ға, кибералаяқтық 22%-ға азайған.

Есірткі қылмыстарына қарсы күрес бағытында Ұлттық таргетинг орталығы елдің төрт өңірінен төрт есірткі зертханасын анықтаған. 360 келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленген. Есірткі қылмыстарының саны 7,3%-ға төмендеген.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін "Саналы ұрпақ" және "Тәлімгер" жобалары жүзеге асырылып жатыр. 500 мектеп пен колледжде прокуратура және полиция органдарының ардагерлері оқушыларға тәлімгерлік етеді.

Құқықтық ағарту жұмыстары Zakon.kz желілік басылымының қатысуымен өтетін "Халық заңгері" акциясы және "Құқықтық дәріхана" жобасы арқылы да жүргізіледі. Жыл сайын 250 қала мен ауылда шамамен 150 мың азамат тегін заңгерлік кеңес алады. Жобалар іске қосылғаннан бері 1 млн-нан астам адамға көмек көрсетілген.

Отырыстың қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдарға Іс-қимыл жоспарында көзделген шаралардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ішкі істер министрлігіне тұрақты мониторинг жүргізу және мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру міндеттелді.

Олжас Бектенов, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.10.2026 14:38

Сурет: primeminister.kz

Отырыста мас күйінде жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу және мұндай адамдарға медициналық көмек көрсету мәселелері де қаралды.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше, жыл басынан бері мас күйінде жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 2,5%-ға азайып, 6,9 мың деректі құраған.

Алкогольді қоғамдық орындарда ішу және мас күйінде жүру бойынша 184 мыңнан астам құқықбұзушылықтың жолы кесілген. Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтар үшін 68,7 мыңнан астам адам жауапқа тартылып, соттар алкоголь тұтынуға 17,5 мың тыйым салған.

Алкоголь өнімдерін сату ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілген. Жыл басынан бері полиция алкоголь айналымы саласындағы 9 мың заңбұзушылықты анықтаған. 4,5 мың кәсіпкер лицензиясынан айырылып, жалпы сомасы 932,4 млн теңге айыппұл салынған.

Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері алкоголь өндіретін 10 заңсыз цехтың қызметін тоқтатқан. Құрамында спирті бар 67 мың литр өнім тәркіленіп, 15 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова алкогольге тәуелді азаматтарға медициналық көмек көрсету мен оларды оңалту жүйесін жетілдіру шараларын таныстырды.

Ақмарал Әлназарова , сурет - Zakon.kz жаңалық 27.10.2026 14:38

Сурет: primeminister.kz

2026 жылдың тоғыз айында 3,6 мыңнан астам пациент оңалтудан өткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.

Жыл басынан бері қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасы аясында өңірлерде уақытша бейімдеу орталықтарының жетеуі ашылған. Осылайша, елдегі орталықтардың жалпы саны 47-ге жетіп, олардың сыйымдылығы 700-ден астам орынды құраған.

Сонымен қатар медициналық ұйымдар жанында салауатты өмір салты мен қауіп факторларының алдын алу бойынша кеңес беретін 3,5 мыңнан астам денсаулық мектебі жұмыс істейді.

Жастар арасында алкоголь тұтынуды азайту үшін отбасылармен жұмыс жүргізу және қауіп факторларын ерте анықтауды қамтитын профилактикалық шаралар күшейтілген.

2027–2031 жылдарға арналған психикалық денсаулықты қорғау жөніндегі кешенді жоспар жобасы әзірленген. Ол медициналық және әлеуметтік оңалтуды дамытуға, тәуелділікті ерте анықтауға және пациенттерге ведомствоаралық қолдау көрсетуге бағытталған.

Қаржы министрі Мәди Тәкиев алкоголь нарығын реттеу, акциз саясатын жетілдіру және өнімнің заңды айналымына бақылауды күшейту шаралары туралы баяндады.

Мәди Тәкиев, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.10.2026 14:38

Сурет: primeminister.kz

Ағымдағы жылдың тоғыз айында 5,6 млн литр заңсыз алкоголь өнімі анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сегіз есе көп. Ілеспе құжаттарды рәсімдеу кезінде заңбұзушылықтар және жалған акциздік маркалары бар алкоголь өндіру деректері анықталған.

Отырыстың қорытындысы бойынша Премьер-министр мас күйінде жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алудың кешенді моделіне көшу және қоғамдық әрі жол қауіпсіздігіне қауіп төндіретін адамдарды бақылаудың бірыңғай ведомствоаралық тетігін құру қажеттігін атап өтті. Қабылданатын шаралар қылмыстың алдын алуға бағытталуға тиіс.

Қаржы министрлігіне алкоголь нарығын, соның ішінде онлайн-сауданы бақылау және реттеуді жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырма берілді. Үкімет басшысы алкоголь сату ережелерін жүйелі түрде бұзатын субъектілерге жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.

Денсаулық сақтау министрлігіне алкогольге тәуелділікті емдеу тәсілдерін және медициналық куәландыру тәртібін жетілдіру міндеттелді. Бұл жұмыс аудандық және ауылдық деңгейдегі фельдшерлерді даярлау мен олардың жұмысқа жіберілуін, зертханалық жабдықтарды жаңартуды қамтиды.

Қаржылық мониторинг агенттігіне Ішкі істер және Қаржы министрліктерімен бірлесіп қолдан жасалған алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру мен айналымына қарсы күресті күшейту тапсырылды.

Ішкі істер министрлігіне құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша атаулы профилактиканы күшейту, ал әкімдіктерге уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарының желісін дамыту міндеті жүктелді.

Мәдениет және ақпарат министрлігіне салауатты өмір салтын қалыптастыруға, алкоголь тұтыну мәдениетін дамытуға және шамадан тыс ішімдікті қалыпты құбылыс ретінде қабылдамауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Бұл шаралар зорлық-зомбылықтың, отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың, жол-көлік оқиғаларының және басқа да құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталмақ.

Айта кетейік, 2026 жылғы 16 қазанда Олжас Бектенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізген болатын. Онда мемлекеттік әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыруға, сондай-ақ кәсіпорындардың азаматтардың еңбек құқықтарын сақтауын қамтамасыз етуге және еңбек тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған цифрлық шешімдер талқыланды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: