Биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды – Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: akorda.kz
Президенттің айтуынша, Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, Қазақстан экономикасының көлемі бойынша әлемде 47-орынға көтеріледі. Бұл көрсеткіш халық саны Қазақстаннан әлдеқайда көп бірқатар елдің деңгейінен жоғары.
Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібінің де қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта бұл саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14%-дан асқан. Президент мұны ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі деп бағалады.
Сонымен қатар Қазақстанның алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жалпы көлемі 130 миллиард доллардан асты.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы экономикалық әлеуетті инфрақұрылымды жаңғыртуға және еліміздің барлық өңірін дамытуға бағыттау қажеттігін айтты.
Осыған байланысты Үкіметке бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеу тапсырылды. Жоспар аясында ел бойынша әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымның аса қажетті нысандары салынады.
Президенттің мәлімдеуінше, бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Ал биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 триллион теңге қарастыру қажет.