Атырауда "Алтын домбыра" халықаралық күй байқауы басталды
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Биыл өнер додасына Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Түрікменстан елдерінен, сондай-ақ Атырау облысы мен еліміздің өзге өңірлерінен 23 өнерпаз қатысып жатыр.
Халықаралық байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатысушылар "Той бастар", "Жас екпін", "Фантазия", "Шаттық отаны" және "Жігер" күйлерін орындауға тиіс.
Сонымен қатар қазіргі заманғы композиторлардың шығармаларынан өз таңдауы бойынша бір күй ұсынады.
Ал екінші кезеңде қатысушылар Құрманғазының "Балқаймақ", "Төремұрат" және Дина Нұрпейісованың "Өттің дәурен" күйлерін орындайды.
Шет мемлекеттерден келген өнерпаздар "Балбырауын", "Рондо", Әзидолла Есқалиевтің шығармаларын, сондай-ақ қазақ композиторларының және өз елдерінің ұлттық туындыларын орындап, өнер көрсетеді.
Байқауға қатысушылардың бірі Есен Нұрасыл үшін бұл – алғашқы халықаралық өнер додасы. Ол сайысқа екі ай бойы дайындалған.
"Домбыра тартуды оқушы кезімнен бастап үйрендім. Бұл – менің алғашқы байқауым. Сайыста Әзидолла Есқалиевтің бір шығармасын, "Той бастар" күйін және жеребе арқылы таңдалатын тағы бір күйді орындаймын", – деді қатысушы Есен Нұрасыл.



